Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы қызының интим фотосын желіге салған қазақстандық 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғыны бұрынғы қызын қорлап, интим суреттер мен хат-хабарларын таратқаны үшін сот алдына келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: 29.ru

Соттың деректеріне сенсек, айыпталушы Telegram тобын құрып, оған 22 жастағы қыздың туыстарын, достарын және таныстарын қосқан. Кейін ол қыздың интим суреттерін, жеке хат-хабарлары мен құпия ақпараттарын жариялаған. Сонымен қатар TikTok-та жаңа аккаунт ашып, онда жәбірленушінің дауыстық жазбасын орналастырып, оны суреттер мен видеолармен сүйемелдеген.

Ер адам өз кінәсін толық мойындап, өкінгенін айтты. Ол бұрынғы қызынан кешірім сұраған.

"Айыпталушы, бұрынғы қызын масқаралауды мақсат етіп, мобильді қосымша Telegram-да топ құрып, оған жәбірленушінің таныстарын, туыстарын және достарын қосқан. Ол қыздың жалаңаш кеудесі түсірілген екі фотосын, сондай-ақ жеке хат-хабарлары мен құпия ақпараттарын жариялаған. Сонымен қатар айыпталушы TikTok әлеуметтік желісінде аккаунт ашып, жәбірленушінің дауыстық жазбасын жариялап, оны суреттер мен бейнемазмұнмен сүйемелдеген", – деп хабарлады Сәтбаев қалалық сотының баспасөз қызметі.

Ер адам Қылмыстық кодексінің 147-бабының 5-тармағына сай (Жеке өмірдің қол сұғылмаушылығын бұзу және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу) сотталды.

"Кінәсін мойындауды және жеңілдететін, ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, сот айыпталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын орта қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Айыпталушы сот залында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", – деп хабарлады Сәтбаев қалалық сотының баспасөз қызметі.



Еске салайық, бұған дейін танымал блогер Сабина Мовлаеваны көпшілік порнофильмге қатысы бар деп айыптағанын жаздық. "Эскорт қызметін көрсетеді" деген Сабина Мовлаева атышулы видеодағы қыздың кім екенін анықтаған еді. Танымал блогер Сабина Мовлаева порнографиялық видеоға қатысты пікір білдіріп, жала жапқан кінәлі тұлғалардың жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Адвокатының айтуынша, мемлекеттік сараптама қорытындысы видеодағы адамның Сабина емес екенін анықтаған. Сарапшылар заманауи әдістермен бет-әлпетті салыстырып, видеода басқа әйел тұрғанын көрсетті. Қазір жала жабу және порнографиялық материалдарды тарату бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Талқылау