Бұрынғы қазақтар Жаңа жылды қалай қарсы алған?
Қазақ халқы мен түркітілдес елдер үшін жыл басы төрт түлік төлдеп, күн мен түн теңесетін Наурыз мейрамы болып есептеледі. Қазіргі Жаңа жыл мерекесін, яғни 1 қаңтарды қазақ елі Кеңес өкіметі кезінде кеңінен тойлай бастаған. Ал бұрынғы қазақтар 1 қаңтарды қалай қарсы алған? Бұл туралы Stan.kz тілшісі этнограф Болат Бопай мен ғалым Нұргелді Ораздан сұрап білді.
Болат Бопай, этнограф:
"Желтоқсан күз бен қыс айының тоғысқан өліара айы болғандықтан қазақтар ерекше дайындалған. 31 желтоқсан қыс мезгілінің басталған кезі болғандықтан, ескі ай есірке, жаңа айдан жарылқа деп ескі бұйымдарын өртеп, жаңа айды, жаңа жылды тойлауға кіріседі. Барлығы көне дүниеде қалсын деп қолдануға келмейтін нәрселерді тастап, келетін жаңа жылды жаңаша қарсы алатын болған. Басқа жаққа қыдырмай, үйінде болып, келер күнге дайындалып, жақсыдан үміттенген. Қазақтың нағыз жаңа жылы - Наурыз. Бірақ қазір екі Жаңа жыл мерекесі бірге аталып жүр. Григорян күнтізбесімен барлық қатынас, уақыт, оқу, жұмыс жүріп жатқандықтан, 31 желтоқсанның тойлануына қазақтар қарсы шыққан жоқ. Көне жылдың соңғы күні, жаңа жылдың басы деп өлі күн санаған. Сондықтан барлық жамандықты артқа тастап, толықтай таза оймен жаңа жылға аяқ басқан. Бұл күнде отбасымен, жақындарын шақырып жаңа жылдың басталуын дастархан жайып, бірге қарсы алған. Бұрынғы қазақтар бұл күнді осылай тойлаған".
Нұргелді Ораз, профессор:
"Бұл Жаңа жылды жұлдызға қарап бекіткен. Жұлдызды негізге ала отырып, әр халық әртүрлі уақытта тойлаған. Бір елдер жаңа жылды қыркүйекте тойлап жатады. Жыл басы деп тойлаудың бір мәні халықтық астрономияға келіп тіреледі"