Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бұл жағдай бүкіл жүйеге сабақ болуы керек” — Рахимжан Ерденбеков Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы туралы

 

Рахимжан ЕрденбековФото:Stan.kz collage

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы 2025 жылдың желтоқсан айында допинг дауына іліккен еді. Осыдан кейін спортшының командасы бұл шешіммен келіспейтінін білдіріп, екінші рет "В" сынамасын тапсыруға өтініш берген. Алайда "В" сынамасының нәтижесінен де тыйым салынған зат анықталды. Осы жағдайға байланысты Stan.kz тілшіcі Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахимжан Ерденбековтен сұхбат алды.

Оның айтуынша, бұл оқиға бір спортшыға ғана емес, бүкіл жүйеге сабақ болуға тиіс.

Журналистің "Маңызды жекпе-жектің алдында мұндай даудың алдын алуға болар ма еді?" деген сауалына ол былай деп жауап берді:

“Теориялық тұрғыда иә. Алайда практикада спорттық медицина мен халықаралық процестерде абсолютті нөлдік тәуекел болмайды. Бұл жағдай бір ғана спортшыға емес, бүкіл жүйеге сабақ болуы керек: медициналық бақылауды күшейту, қоспалар мен процедураларға жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ алдын ала тәуелсіз тексерулерді енгізу қажет.

Қорытынды позиция:
Бізге қазір сенсация емес, әділдік пен салқынқанды кәсібилік қажет. Жәнібек Әлімханұлы – Қазақстан боксының символдарының бірі. Оның тағдыры эмоциямен емес, заң мен нақты фактілер негізінде шешілуге тиіс. Федерация осы ұстанымнан айнымайды, – деді Рахимжан Ерденбеков.


Айта кетейік, қазір Жәнібек Әлімханұлына қатысты нақты шешім әлі шыққан жоқ.

Жәнібек Әлімханұлы 2025 жылдың 6 желтоқсанында жоспар бойынша WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш чемпиондық белбеуді біріктіру жекпе-жегіне шығуға тиіс болған.


"Өз жолын өзі қирататындай әрекетке барады деу логикаға сыймайды": Федерация президенті Жәнібек Әлімханұлының ендігі тағдыры не болатынын айтты


Дегенмен VADA жүргізген допинг-сынамада мельдоний анықталғандықтан, айқас өтпей қалды.
Осы жағдайдан кейін Premier Boxing Champions ұйымы Жәнібектің орнына жаңа қарсылас бекітілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде Эрисланди Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасып, WBA чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 12:57