"Бұл – оның парызы": Қорғаныс министрінің орынбасары әскерге көшеден ұстап әкету жағдайына пікір білдірді
Фото: Видеодан кадр
Сенат кулуарында қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов әскерге көшеден күштеп әкету жайттарына түсінік беріп, азаматтарды әскерге шақыру жөніндегі шаралар Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен реттелетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов әскерге мәжбүрлі түрде шақыру фактілерін растады.
"Өкінішке қарай, мұндай фактілер бар", – деді Камалетдинов.
Сондай-ақ ол әскерге шақыру шаралары заңмен және Конституциямен реттелетінін атап өтті.
"Елімізде заң мен тәртіп орнатылған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында бұл ерікті құқық емес, азаматтың міндеті мен парызы екені көрсетілген. Егер ол оны орындамаса, заң қолданылуы керек", - деп түсіндірді ол.
Бұл ретте оған "Әскерге шақыру кезінде күш қолданатын қызметкерлерге қандай да бір шаралар қолданылып жатыр ма?" деген сқрақ қойылды.
"Егер ел азаматы құқығым тапталды деп есептесе, құқықтық мемлекетпіз, сондықтан сотқа жүгінуге құқылы. Мен қорғаныс министрінің бірінші орынбасары және бас штаб бастығы қызметтерін атқарған кезеңде мұндай оқиғалар болған жоқ", – деп жауап берді ол.
"Мұндай жағдайлар халықтың әскери қызметке деген сеніміне кері әсерін тигізбей ме?" деген сауалға Камалетдинов мемлекет, керісінше, Отан алдындағы борышын өтегендерге барынша жағдай жасап жатқанын айтты.
"Осы аптада ғана біз әскери борышын өтеген азаматтарға 2300 грант тапсырдық. Бұл толық гранттар: тегін оқу және жатақханамен қамтамасыз ету кіреді", – деді ол.
Ал жас жігіттерді көшеден күштеп әкету жағдайларына қатысты сұраққа келгенде, ол мұндай жағдайға жол беруге болмайтынын айтып айтып жауап берді. Сондай-ақ ол БАҚ өкілдерін жағымды жайттарды дәріптеуге шақырды.
"Әскерге өз еркімен барып жатқан 40 мың жас жігітті көрсету керек. Тіпті денсаулығына байланысты қабылданбай қалған жігіттер әскери комиссариаттарда жылап жатады. Бұл жігіттерді де көрсету керек", – дейді қорғаныс министрінің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін Сұлтан Камалетдинов қазақ жастары әскерден неге сонша қорқатынын түсіндірген еді. Оның айтуынша, мұндай қорқыныштар балалық шақтан басталып, отбасы, балабақша, мектеп сияқты ортада қалыптасады. Жастардың тұрақтылық пен жайлы өмірге үйреніп қалғаны да әсер ететін көрінеді.