Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл недеген жабайылық": Блогер әйеліне пранк жасаймын деп, желі қолданушыларының ашуын тудырды (видео)

Әлеуметтік желіде блогердің әйеліне пранк жасаймын деп, балаларға зорлық-зомбылық көрсететін видеосы пайда болды. Оны желі қолданушылары сынап тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Әйеліне сыйлық жасамақ болған Диас Нұржанұлы есімді блогер жерде отырған ұлына жақындап, ашуланған кейіп танытып, аяғымен теуіп жібереді. Баланың анасы сол кезде ас үйден шығып бара жатқан еді. Ұлының құлап бара жатқанын көріп, дереу оған қарай жүгіреді. Сол сәтте баласы оған бір бума гүл сыйлайды.

Блогер былтыр да дәл осындай сипаттағы видео түсірген. Ол тағы да әйелінің көңілін көтеру үшін ұлының бетінен салып жіберген. Сосын жүгіріп келген әйеліне бір бума гүл тарту еткен. 

Блогердің бұл әрекетін желі қолданушылары әбден сынап тастады.

"Баланы ойнап та тебуге болмайды деп ойлаймын. Адам тұрмақ, тіпті малды теппе дейді ғой", “Теппей басқа нәрсе жасауға болмады ма”, “Бұл – пранк емес, зорлық-зомбылықты қолдау, ақтау. Сондай-ақ балаға зорлық-зомбылық көрсету қалыпты жағдай екенін көрсету. Ересек адам болса да ненің жақсы, ненің жаман екенін түсінбейді”, “Мынадай пранк құрсын, баланы аяқпен тепкені несі, аяғың сыңғыр әке сымақ”, – деп жазды олар.

Белгілі құқық қорғаушы Жанна Оразбақова да блогердің зорлық-зомбылықпен гүл сыйлаған еркелігіне сын айтты

"Саған күлкілі ме? Бұл қандай жабайылық? Әйеліне гүл сыйлау үшін баланы ұру жөн бе? Пікірдегілердің бәрі мұны құптап жатыр. Біз әзіл арқылы зорлық-зомбылықты қалыпты дүниеге айналдырып жатырмыз. Бұл "ересек адамның" ойынша өте күлкілі" – деді адвокат.

Диас Нұржанұлы өз кезегінде мұндай контентпен хайп жасауға тырыспағанын айтты. Ол отбасында бәрі жақсы екенін айтты. Ол ұлын теуіп жіберген әрекеті үшін кешірім сұрады.

Талқылау