"АҚШ-та үндемей қалу сыпайылық емес, сенімсіздік": Bloomberg-те жұмыс істейтін қазақ қызы Америкадағы өмірі туралы

Қазақстандық Дана Букенова АҚШ-тағы қаржылай анализ жасайтын Bloomberg ақпарат агенттігінде жұмыс істейді. Ол Америкаға 2016 жылы көшіп барып, бүгінде АҚШ азаматтығын алған. Ол өзін "АҚШ-тағы Bloomberg-те жұмыс істейтін қазақпын" деп таныстырады. Қазақ қызы 3,5 жылда осы компанияның Дата анализ бойынша Senior Manager дәрежесіне дейін өскен. Stan.kz ақпарат агенттігі ЖИ және дата аналитика маманы Дананың өзімен сұхбаттасып, мансап жолы мен Америкадағы өмірі туралы білді.
"Стартапты саттым да, келесі деңгейге шығу мақсатында Америкаға көштім"
Дана Букенова Қазақстанда халықаралық қатынастар және қаржы мамандықтарын оқыған. Кейін болашақ бағдарламасымен Манчестер университетінің магистратурасын аяқтаған. 2011 жылы шетелдегі оқуын аяқтап, Алматыда екі әріптесімен бірге университеттерге Wi-Fi инфрақұрылымы мен интернет шешімдерін құратын стартап ашып, бес жыл бойы жүргізген. Кейін бұл компанияға инвестор табылып, оны толық сатқан соң Дана келесі кезеңге өтуім керек деп шешім қабылдайды.
"Сол сәтте "Келесі деңгей қандай?" деп өзімнен сұрадым. Стартапты сату – жобаның аяқталуы ғана емес, кәсіби және жеке өсуімнің жаңа кезеңі басталатынының белгісі еді. Мен әлемдік деңгейдегі, әсіресе аналитика мен технологиядағы ең алдыңғы қатарлы орталарда тәжірибе жинағым келді. Сөйтіп Америкаға 2016 жылы көшіп келдім. АҚШ-қа келгенде мамандығымды түбегейлі өзгерткен жоқпын, бірақ кәсіби бағытым айтарлықтай нақтыланды. Бұған дейінгі тәжірибем халықаралық қатынастар, тілдер, қаржы және стратегиялық талдаумен байланысты болса, Америкада осының барлығы бір арнаға тоғысып, таңдауым деректер негізінде шешім қабылдау саласына түсті. Қаржылық және стратегиялық талдаудан дата аналитика бағытына табиғи әрі логикалық түрде ауыстым. Осы салада бұрынғы білімімді, статистикалық фундаментімді және аналитикалық қабілеттерімді жаңа деңгейге шығара алдым", – дейді ол.
Дегенмен ол Америкаға алғаш барғанда университеттермен жұмыс істейтін ірі халықаралық білім беру корпорациясында аналитик ретінде қызмет еткен. Қазақстандағы стартап тәжірибем және Манчестер бизнес мектебіндегі білімім бұл жолымда үлкен артықшылық болды дейді ол.
"Америкадағы алғашқы кәсіби тәжірибем – халықаралық білім беру корпорациясында аналитик болуым. Бірақ менің негізгі кәсіби қалыптасуым INTO University Partnerships компаниясында өтті. Бұл ұйым университеттермен серіктестік орнатып, жаһандық деңгейде үлкен жобаларды іске асырып жатқан кезең еді. Мен дәл осы кезеңде талдаушы ретінде қосылдым. INTO-дағы бес жыл – менің аналитикалық мансапта тереңдеген уақытым. Бұл жерде мен студенттік қабылдауды болжау, қаржылық модельдер құру және әр серіктестіктің ұзақ мерзімді табысына әсер ететін факторларды бағалау жұмыстарымен айналыстым. Кейін мені стратегиялық қаржы бөліміне шақырды. Онда түрлі сегменттердің LTV моделдерін жасап, студенттер ағымының ұзақ мерзімді тенденцияларын болжадым. Осы зерттеулердің арқасында компания Қазақстанда өз өкілдігін ашты және АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі жанындағы "Болашақ" бағдарламасымен байланыс орнатуға негіз болды", – дейді Дана Букенова.
"Америка үнемі өзіңізді қорғауды, ойыңыз бен идеяңызды жеткізе білуді талап етеді"
Америка өз даусымды жоғалтпай, керісінше оны жарқын шығарып, өз ойымды нақты айтуды үйретті дейді Дана. Оның сөзінше, бұрын үндемей қалу сыпайылық сияқты қабылданса, АҚШ-та үндемеу көбіне сенімсіздікті немесе қатыспай қалуды білдіреді.
"Америка мені кәсіби тұрғыдан ғана емес, тұлғалық тұрғыдан да көп өзгертті. Бұл ел сізден үнемі өзіңізді қорғауды, ойыңыз бен идеяңызды жеткізе білуді талап етеді. Бір бөлмеде жүздеген білімді, дарынды, әр елден келген бәсекелі мамандар отырғанда, өзіңіздің даусыңызды жоғалтпай, керісінше, оны сенімді түрде жеткізе білу өте маңызды. Мен Америкада дәл осы дағдыны – өз пікірімді ашық айтуды, ойымды дәлелдеуді, позициямды қорғауды үйрендім. Бұрын үндемеу сыпайылық сияқты көрінсе, бұл жерде үндемеу көбіне сенімсіздік немесе қатыспау белгісі ретінде қабылданады. Осы мәдени айырмашылық маған сөйлеуді, өз ойымды білдіруден қорықпауымды, шынайы кәсіби көрінуіме жол ашты", – дейді ол.
Фото Дана Букенованың жеке архивінен
"Bloomberg-ке бір рет қана өтініш бердім, бірақ сұхбаттар 5 айға созылды"
Қазақстандық әйел өзінің Bloomberg-ке қосылуын кәсібіндегі ерекше бетбұрыс деп бағалайды. Айтуынша, компанияға бір рет қана өтініш берген және ең жеңіл бөлігі де осы болған. Ал негізгі кезең – сұхбаттар сериясы 5 айға созылыпты. Әр кезеңде аналитикалық ойлау, өнімді түсіну, мәселені шешу логикасы, коммуникация, стратегиялық көзқарас тексеріліпті. Bloomberg-те қызмет етуім елімнің намысын танытуымның да бір жолы дейді Дана.
"Bloomberg-ке шақырылуыма INTO-дағы ірі жобалармен айналысуым, ұлттық конференциялардағы баяндамаларым, жарияланған зерттеулерім және әріптестерімнің ұсыныстары рөл атқарды. Сұхбатта ең қиын бөлігі техникалық сұрақтар болды. Барлық сұраққа бірден жауап бере алмасам да, шешімді қалай іздейтінімді, логикамды, ойлау тәсілімді көрсете білдім. Қарапайым метрикалардың түрлі интерпретацияcы болатынын мысал арқылы түсіндірдім. Мысалы, көп қаралым немесе көп кіру әрдайым жақсы дегенді білдірмейді. Кейде қолданушының көп әрекеті өнімдегі түсініксіздікті немесе кедергіні көрсетеді. Бұл – дәстүрлі "көрсеткіштер неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жақсы" деген ойдан алыс дүние. Менің дәл осы аналитикалық икемділігім Bloomberg командасына әсер етті деп ойлаймын. Бүгінде Bloomberg-тегі қазақ қыздарының бірі болу – мен үшін кәсібилік ғана емес, ел намысын танытудың да бір жолы. Мұнда мен жауапкершілік пен мақтанышты қатар сезінемін", – дейді ол.
Қазір ол Bloomberg Law бөлімінде Senior Data Analytics Manager қызметін атқарады. Мұнда заң саласындағы клиенттердің мінез-құлқын, платформаның қолданылу ерекшеліктерін, өнімдегі кедергілерді, пайдаланушылардың қай тұста тоқтайтынын, нені іздеп, немен жұмыс істегісі келетінін зерттейді. Мұндағы аналитиктер жылына шамамен 120 000-220 000 доллар (62-113 млн теңге) табыс табады. Дана бізге дата аналитика саласына қалай ауысқанын айтып берді.
"Дата аналитикаға көшуім Америкаға келгеннен кейін басталды. Мен бұл жолға 3–5 ай уақытымды арнадым, онлайн платформаларда SQL, Python, Power BI, логтау, A/B testing сияқты құралдарды үйрендім. Барлық оқу параллель жүрді: күндіз оқимын, кешке резюмемді жаңартып, салалық талаптарға сай болуға тырыстым, ал түнде жаңа рөлдерге өтініш жібердім. Бірақ басты қадам тек оқу емес, бірден тәжірибеге кіру болды. Мен алғашқы жұмыс күнінен бастап үйрене жүріп жұмыс істедім. Ал Bloomberg-те жұмыс істеген жылдары деректермен жұмыс істеудің ең күрделі деңгейлерін практикалық түрде меңгердім. Бұл компанияда бір команданың ішінде түрлі саладан келген заңгерлер, инженерлер, дата-ғалымдар, UX зерттеушілермен жұмыс істеуді үйрендім. Әрқайсының ойлау жүйесі басқа, тәсілі бөлек. Осындай ортада өз орныңды табу – үлкен мектеп. Бұл менің кәсіби көзқарасымды одан әрі кеңейтті, адамдармен жұмыс істеудің қаншалықты терең қабілет екенін түсіндірді", – дейді Дана Букенова.
Фото Дана Букенованың жеке архивінен
"Біз өзімізге тым сыншылмыз, кемшілік іздейміз. Ал мұндағыларды ешкім тыймайды, олар өте ашық"
Дананың сөзінше, екі елдегі жұмыс мәдениетінде үлкен айырмашылықтар бар. Мысалы, Америкада толық еркіндік беріледі, бірақ жауапкершілік те жоғары. Ал Қазақстанда ойыңды ашық айту үнемі жақсы қабылдана бермейді.
"АҚШ-та еркіндік пен өсу мүмкіндігі көп, бірақ міндеттер мен жауапкершілік те жоғары. Қазақстанда тапсырмалар директивамен берілсе, АҚШ-та өзіңіз шешім қабылдауға мүмкіндік беріледі, бастысы нәтиже. Мұнда өз жетістіктеріңді айту, пікір білдіру, қандай процестерді жақсартуға болатынын талқылау қалыпты", – дейді ол.
АҚШ азаматы қазақ халқы өзінен көп кемшілік іздейді, өзіне сыншыл әрі соған сай өзімізді тым қатаң ұстаймыз дейді.
"Ал Қазақстанда кейде ойыңды ашық айту қолдаусыз қалуы мүмкін, идеяңды ұнатпай қалатындар болады, сондықтан біз дәстүрлі түрде ұстамдырақ, тыныш боламыз, көп келісеміз. Америкалықтар ашық сөйлейді, әрдайым келісіп отыру міндетті емес. Біз үшін осылай ашық қатынас жасауға үйрену біраз уақыт алады. Біз өзімізге өте сыншылмыз, көп кемшілік іздейміз және сондықтан өзімізді тым қатаң ұстаймыз. Осы себепті бізді жиі сөгіп, сын қылады. Ал америкалықтар басқа мәдениетте тәрбиеленеді. Оларды ешкім тыймайды, олар өте еркін және ашық", – деп пікір білдірді Дана Букенова.
"Америкадағы өмір маған еркіндік береді"
Дананың сөзінше, АҚШ-тың ұнайтын қырлары көп: адамдардың ойлау еркіндігі, бастамаларға ашықтығы, жаңа нәрсені сынап көруден қорықпайтын мәдениеті. Технология мен деректерді қолдану деңгейі өте жоғары, осы салаларда өзгерістер күнде болып жатады.
"АҚШ-тағы өмір адамды түрлі қырынан сынайды, оған қоса түрлі қырыңды аша түседі. Бұл елдің ерекшелігі – сізді өзіңізді бұрын танымаған қырлардан тануға мәжбүрлейді. Мен жоғары технологиялық салада, ірі корпорациялардың ортасында, әлемнің әр тарапынан келген дарынды мамандармен тең дәрежеде жұмыс істеп жүремін деп ешқашан ойламаппын. Бірақ Америка маған осы мүмкіндікті берді. Мен бұл елде өзімді шетелдік емес, осы қоғамның бір мүшесі ретінде сезінемін. Бұл сезім дүниенің кез келген жерінде бола бермейді. Басқа елдерде қанша тырыссаңыз да, белгілі бір шектеулерді сезінуіңіз мүмкін. Америкада, керісінше, сіз өзіңізді нағыз өз орныңызда жүргендей сезінесіз. Америкадағы өмір маған кәсіби ғана емес, жеке тұрғыдан да еркіндік береді", – дейді ол.
Бүгінде ол АҚШ азаматтығын алған. Дегенмен әлі де өз үйім – Қазақстандағы жобаларға да үлес қосқым келеді дейді.
"Азаматтық алуым кәсіби жолымды жеңілдетті, әсіресе деректер мен қауіпсіздік саласындағы қызметіме өте маңызды. Дегенмен бұл Қазақстаннан алыстадым деген сөз емес. Мен үшін Қазақстан – әлі де өз үйім, өз тамырым. Болашақта елімнің дамуына үлес қосатын жобаларға қатысқым келеді, бұл – менің ең үлкен ниеттерімнің бірі", – дейді ол.
Жұмыстан тыс уақытта ол спортпен айналысып, өмірінің тағы бір үлкен бөлігі – кішкентай қызымен уақыт өткізеді.
"Қызыма кітап оқып беремін, ән айтамын, екеуміз бірге жаңа жерлерді зерттейміз. Баламен уақыт өткізу – адамның жерге қайта түсіп, өмірдің негізгі құндылықтарын қайта сезінетін сәті", – деп түйіндеді Дана Букенова.
"Семіз екенімізді білеміз, айта берудің қажеті жоқ": Қазақстандықтар қоғамда толық адамдарға ашық қысым көрсетілетініне шағымданды