Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл – алғашқы жағдай емес": Сыртқы істер министрлігі шетелде еңбек құлдығына тап болған екі қазақстандық туралы пікір білдірді

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі табыс табу мақсатымен шетелде құлдыққа түскен қазақстандықтар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Үкімет үйінде тілшілердің сауалына жауап берді. 

"Оңтүстік-Шығыс Азияда біздің екі азаматымыз еңбек құлдығына тап болған. Олар өткен жылы желтоқсанның соңында Таиландтағы елшілік арқылы байланысқа шықты. Жоғалған азаматтардың ата-анасы бізге хабарласып, көмек сұрады. Бұл – алғашқы жағдай емес. Бірнеше ай бұрын тағы бір азаматымыз осындай жағдайға тап болған еді. Біз оның елден шығуына көмектестік", – деді ол. 

Cмадияровтың сөзінше, шетелде жоғалған азаматтарды іздеу жұмысына мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар да тартылады.

"Онда тек Қазақстан емес, басқа елдердің де азаматтары бар. Сондықтан мәселені кешенді түрде шешу қажет. Екі азамат бойынша мәселе Таиландтағы елшіліктің бақылауында. Олар былтыр консулға хабарласқан. Алайда қазір жоғалған екі азаматтан хабар жоқ, мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын. Осы орайда шетелге табыс іздеп баратын азаматтарды барынша абай болуға шақырамыз. Жұмысқа бармас бұрын келісімшартпен мұқият танысқан абзал. Бұл – азаматтардың жеке жауапкершілігі", – дейді ол.

Талқылау