"Бұғанадан бір мәрте атқан": Шымкентте оқ тиіп көз жұмған спортшының жақындары әділ тергеуді талап етті
Видеодан скриншот
Шымкентте 20 жастағы Ұлан Есмаханның туыстары ұлдарын мәйітханадан тапқандарын айтады. Қара жамылған отбасының тергеуге көңілдері толмайды. Олар күдікке ілінген азаматтар бар кінәні өздерінен емес өзгеден іздеуге тырысып жатыр деп ашынады. Тіпті қаруды қорғану үшін қолдандық деп ақталған көрінеді. Енді олар інәлілер тиісті жазасын алсын деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Етегі жасқа толған Аққыз Абдалиева тұңғышын соңғы рет 11 сәуір күні көрген. Түнгі он бірде көрші үйдегі баланы алып келемін деп шыққан жігіт сол күйі оралмапты. Бір жамандықты сезген ана ұлын іздей бастайды. Бірақ түнгі екіде ұлының жансыз денесін мәйітханадан тапқан. Сөйтсе қос ауданның жігіттері ерегісіп, сол жанжалда Ұланды атып кеткен екен.
“Менің баламның аяғында резеңке сланцы. Бір шеті жыртылып кеткен сланцы кассада отырған кезде. Нәскиі де жоқ. Төбелеске баратын болса ол дайындалып барар еді ғой. Атады деп ойламады ол балам. Тек күшпен жеңеміз ғой деп ойлады ау деймін. Менің балам қару-жарақ деген нәрсені білген де емес, ондай нәрсені қолданған да емес”, – дейді марқұмның анасы Аққыз Абдалиева.
Ұлан Көкшетаудағы оқу орнын былтыр ғана өрт сөндіру мамандығы бойынша аяқтап, диплом алып келген. Бала күнінен спортпен шұғылданып, таэквондодан Қазақстан чемпионы да атаныпты. Болашағынан үміт күтіп отырған әкесі күдіктілер бар кінәні ұлыма артып отыр деп ашынады.
“Бұғанадан бір мәрте атқан ғой. Лап етіп тиіп, толығымен опырып кеткен. Қорғану мақсатында аттық деп тұр бұлар. Мен онымен келіспеймін. Бұлар әдейі атуға дайындалып келген. Менің де шыдамымның шегі бар ғой. Одан кейін әрі қарай мен де кірісемін”, – деп қосты әкесі Мейірхан Қыдырхан.
Айта кетейік, қылмыстық іс сотқа жеткен. Басты күдіктіге адам өлтірді деген айып тағылған. Сотта бас-аяғы үш адам жауап беріп жатыр.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
