Шетелдік әйел Павлодарда бүйрегін сатпақ болған
Фото: polisia.kz
Павлодарда адам ағзасын сату әрекетінің жолы кесілді. Полиция қызметкерлері көрші елдің азаматшасын алдын ала төлем алған сәтінде ұстап, қылмыстың бетін ашты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, шілде айының ортасында жедел уәкілдерге көрші мемлекет азаматшасының Павлодарға орган сату мақсатында келгені жөнінде ақпарат түскен. ІІМ мәліметінше, ол органды сату шарттары мен бағасын талқылағаннан кейін мәмілеге келуге келісімін берген.
"Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері арнайы жедел іс-шара жүргізіп, "сатушы" алдын ала төлем алу кезінде қылмыс орнында ұсталды. Аталған факті бойынша адамның органдары мен тіндерін заңсыз алуға қатысты баппен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды, тергеу амалдарының толық кешені жүргізіліп жатыр", – деді Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Болат Нұрсеитов.
Ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, адамның органдары мен тіндерін заңсыз трансплантациялау, сатып алу және сату қатаң түрде тыйым салынғанын еске салды. Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
“Босанған соң, анамның бүйрегін денем қабылдамай қойды": Қазақстандық әйел төрт жылда екінші рет ағзасын ауыстырмақ
15 миллион теңгеге бүйрегін сатпақ болған қарағандылық рақымшылыққа ілікті
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда адам ағзасын сатумен айналысқан 35 жастағы әйел ұсталғанын жаздық. Ол адам ағзаларын заңсыз сатумен айналысқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі деп күдікке ілінген. Тергеу деректеріне сәйкес, 2017–2018 жылдары бұл топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары да тартылған. Күдікті донорлар мен реципиенттерді орналастыру, тексеруден өткізу және олардың арасында туыстық байланыс барын көрсету үшін жалған мәлімет дайындаумен айналысқан. Қазіргі уақытта оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.