Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Burger King Kazakhstan-дағы жанжал: Ресейден келді деген екі басқарушы жұмыстан шығарылды

Аутист жігітті жұмыстан шығуға мәжбүрлеген: Қазақстандықтар Burger King-ке байкот жасап жатырФото: threads.com/@zhanat_karatay

Кейінгі күндері желіде Қазақстандағы Burger King жылдам тамақтану желісіне қатысты дау шыққан еді. Бүгін аутизмі бар қызметкерге қысым көрсеткен менеджерлер жұмыстан босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратты компания әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады. Сондай-ақ олар жағдайдың мән-жайын анықтау үшін тергеу әлі жалғасып жатқанын алға тартты.

“Қабылданған басқарушы шешімді ескере отырып, аумақтық менеджерлер Сергей мен Анастасия енді компания қызметкерлері емес екенін хабарлаймыз. Burger King Kazakhstan кемсіту, құрметтемеу немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының қадір-қасиетіне, намысына тиетін кез келген сөз, әрекет түрін үзілді-кесілді түрде қабылдамайды, қарсылық білдіреді”, – делінген хабарламада.

Бұған қоса, Burger King Жанат Қаратаймен байланысқа шыққанын мәлімдеді.

“Біз Жанат Қаратайға келесі қадамды жүйелі түрде талқылап, жағдайды шешу үшін хабарлама жолдадық. Burger King Kazakhstan әңгімелесуге және жауапты шешім қабылдауға дайын ашық компания болып қала береді. Біз барлық қызметкеріміз үшін құрмет, қауіпсіздік және тең мүмкіндіктер мәдениетін нығайтуды жалғастырамыз”, – делінген хабарламада. 


2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды


Оқиғаға байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пікір білдірген еді.

Ведомство мәліметінше, министрлік бұл жағдайды бақылап отыр.

Сондай-ақ Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы Әлібек Қаратайдың тұрғылықты жеріне барған. Әкесіне телефон арқылы өтінішті қалай беру керегі, еңбек заңнамасында қандай кепілдіктер қарастырылғаны түсіндірілген.

“Жұмыс берушіден (QSR (Burger King) ЖШС) алынған ақпаратқа сәйкес, ұйым ішінде қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Тексеру барысында қабылданған шешім бойынша, тексеру аяқталғанға дейін басшылық құрамындағы бір қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілді”, – деп хабарлады министрлік.

Министрлік компаниядағы тексерістің мән-жайын және оның мерзімін нақтылаған жоқ. Қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын атап өтті.

Мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін аутизмі бар қызметкердің анасы басшылықты қысым көрсетті деп айыптағаннан кейін Burger King Kazakhstan-да жанжал шыққаны хабарланған еді.

Әлеуметтік кәсіпкер және аутизм мәселелері бойынша сарапшы Жанат Қаратай Threads желісінде аутист ұлы Әлібектің жұмыс жағдайына қатысты жазба жариялады. Оның сөзінше, аутизмі бар баласы шамамен төрт жыл Burger King-те аспаз болып жұмыс істеп, ұжымға бейімделіп, қосымша жұмыс істеп, жұмыс кестесі мен демалысын жоспарлап жүрген. Айтуынша, компания бұрын қызметкерлерді қолдап келген, бірақ басшылары өзгергелі жағдай да өзгерген.

“Аутизмі бар ұлым Әлібек Қаратай туралы көп адам біледі, қазір ол 27 жаста. Ол 1998 жылы дүниеге келген, 2 жасында біз оның денсаулығында бір нәрсенің дұрыс емес екенін түсіндік. Ол екінші бала, сөйлей алмады, өз ойын жеткізгісі келмеді. Сол кезде “аутизм” немесе тіпті “сөйлеудің кідіруі” деген сөздер де жоқ еді. Мен өзімнің IT саласындағы жұмысымды және мансабымды тастап, бәрін өзім кірістім. Бірнеше жыл бойы педагогика мен реабилитацияға толық берілдім. Ол мектепті бітіріп, Жүргенев колледжінде оқыды, мүсіншілік мамандығын меңгерді, ермексаздан жасалған анимациялық мультфильмдерге қызықты”, – деп жазды Жанат Қаратай.

Оның айтуынша, Әлібек көп жерде жұмыс істеп көрген. Бірақ соңында ұжым мен жұмысты ұнатып, осы тамақтану желісінде жұмысын жалғастыратын болып шешкен.

“Ол төрт жыл бойы тұрақты жұмыс істеді, жалақысын алды, тапқан ақшасын қуана жұмсады, ұжымға бейімделгенін сезді, қосымша сағаттарда жұмыс істеді, демалысын жоспарлады, бір филиалдан екіншісіне ауысты. Бұл – біздің әкімшілер мен менеджерлермен бірге атқарған жұмысымыз. Бірақ жаңа басшы Сергей келгелі бәрі өзгерді. “Көзге көрінбейтін қысым” басталды. Күзден бастап Әлібек өзіне ұқсамай кетті. Жұмыстан кетуге мәжбүрлеп жатқандарын білгенде ғана мән-жайды естідік”, – делінген жазбада.

Автор жаңа басшымен жеке сөйлесуге тырысқан, бірақ бұл жағдай ештеңені шешпеген.

Кейін Жанат Қаратай өзіне компанияның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері жаңа менеджмент тарапынан еңбек құқықтарының бұзылуы немесе қысым көрген жағдайлар туралы хабарламалармен жүгінгенін айтты.

Burger King Kazakhstan не дейді?

Болған жағдайға қатысты Burger King мәлімдеме жасап, мән-жайды түсіндірді. Компания “Әлібек Қаратай жұмыстан шығарылды” деген ақпаратты жоққа шығарды.

“Қазір Әлібек Қаратай жұмыстан шығарылған жоқ, ол Burger King Kazakhstan қызметкері болып қала береді. Компания оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған жоқ. 2026 жылдың 29 қаңтарында HR департаментіне қызметкердің демалысқа шығу ниеті туралы хабарлама келді. Содан кейін Әлібек уақытша жұмысқа шығуды тоқтатты, бірақ компания белгіленген нысанға сәйкес ресми өтінішті алған жоқ. 6 ақпанда қызметкердің анасы Жанат Қаратай компанияға хабарласып, өзі жазған Әлібектің жұмыстан шығу туралы өтінішті алып келді. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, мұндай өтініштерді қызметкер өзі келіп жазуы керек”, – деп жазды компания.

Сондай-ақ компания бар шешімдерді, соның ішінде басқа мейрамханаға ауысуды ұсынғанын атап өтті. Өздерінің әңгімеге ашық екенін, қызметкер және оның отбасымен келесі қадамдарды жұмыс форматында талқылауға дайын екенін жеткізді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 14:42