"Бүкіл әлемге қауіп төндіреді": Катар Иранмен соғыс үлкен апатқа әкелуі мүмкін екенін ескертті

Катар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Маджед әл-Ансари Таяу Шығыста жағдай өте қауіпті екенін айтты. Оның сөзінше, аймақта қазірдің өзінде үлкен соғысқа ұқсас жағдай қалыптасқан және бұл өте ауыр, апатты салдарға әкелуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы ол 10 наурызда журналистердің сұрақтарына жауап берген кезде айтты. Дипломаттың айтуынша, Катар 2023 жылдан бері Иранмен байланысты жағдайдың ушығуы бүкіл әлемге әсер етуі мүмкін екенін айтып, үнемі ескертіп келеді. Оның сөзінше, тарихта мұндай қауіп туралы осыншалық жиі ескертілген жағдай бұрын болмаған.
Әл-Ансари Иран алдымен шабуылдарын тоқтатуы керек, содан кейін ғана дипломатиялық келіссөздер басталуы мүмкін деді. Ол Иранды Парсы шығанағындағы және басқа аймақтардағы азаматтық нысандарға соққы берді деп айыптады. Ал мұндай әрекеттер тек аймаққа ғана емес, бүкіл әлемге қауіп төндіреді.
“Егер бұл шабуылдар жалғаса берсе, гуманитарлық апат болуы мүмкін. Ал Катарға жасалған кез келген шабуылға біз міндетті түрде жауап береміз”, – деді ол.
Катар Иран президенті Масуд Пезешкиан көрші елдерден кешірім сұрағаннан кейін шабуылдар тоқтайды деп үміттенген. Бірақ соққылар әлі де жалғасып жатыр. Сонымен қатар Катар өкілі Ирандағы жаңа жоғарғы көшбасшы туралы пікір айтудан бас тартты.
-
Путин мен Трамп телефон арқылы Иран төңірегіндегі жағдай мен Украина бойынша келіссөздерді талқылады
“Қазір біз ең алдымен елімізді ирандық зымырандардан қорғаумен айналысып жатырмыз. Сондықтан саяси мәселелерді талқылауға уақыт жоқ”, – деп қосты ол.
Иран бірнеше рет мәлімдеме жасап, олардың нысанасы Парсы шығанағындағы АҚШ-тың мүдделері ғана екенін айтқан. Сондай-ақ Тегеран аймақтағы елдер АҚШ-ты қолдаса, оны өзіне қарсы дұшпандық әрекет деп қабылдайтынын ескерткен. Катар Сыртқы істер министрлігі бұған жауап ретінде елдің АҚШ-пен ғана емес, басқа да қорғаныс серіктестерімен стратегиялық байланысы бар екенін айтты.
Әл-Ансаридің сөзінше, қазіргі уақытта Катарды Patriot әуе қорғаныс жүйелері қорғап тұр. Бұл жүйелер АҚШ және басқа да еуропалық серіктестермен бірге елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.
Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.
"Дәрінің құны 1,5 миллиард теңге": Бұлшықеті әлсіз қазақстандық бүлдіршінге денсаулық сақтау министрлігі көмек көрсетуден бас тартқан