Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүгін Жәнібек Әлімханұлына қатысты даулы оқиғаға нүкте қойылады

БоксФото:Topranking

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына бүгін ресми түрде нүкте қойылмақ. Бұл туралы Stan.kz  ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылдың желтоқсан айында Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына ілігіп, үш чемпиондық белбеуді біріктіруге тиіс болған жекпе-жегі өтпей қалған еді. VADA жүргізген тексеріс барысында оның допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний анықталған.

Осы жағдайдан кейін боксшы мен оның командасы тыйым салынған заттарды қолданбағанын мәлімдеп, В-пробаны қайта тексеруді талап етті. 8 қаңтар күні В сынамасының ашылғаны белгілі болды.

Ал 10 қаңтарда Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахимжан Ерденбеков Жәнібек Әлімханұлының В-пробасына қатысты ресми мәлімдеме 19 қаңтарда жасайтынын айтқан. Осылайша, бүгін аталған даулы оқиғаға нақты шешім шығарылады.

Айта кетейік, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш бірдей чемпиондық белбеуді біріктіру үшін жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда допинг дауына байланысты айқас өтпей қалды.

Кейін Premier Boxing Champions ұйымы Жәнібектің орнына басқа қарсылас бекітілгенін хабарлады. Нәтижесінде Эрисланди Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасып, WBA чемпиондық атағын сәтті қорғады.

Ақерке Өмірхан
Дүйсенбі, 19 Қаңтар, 2026 17:34