Британдық Jusan активтерін арзан бағамен сатқаны үшін 1 млн доллар пара алды деп айыпталды
Коллаж: Stan.kz
Jusan Technologies Ltd компаниясының бұрынғы директорларының бірі, бұған дейін Jusan Bank-ке иелік еткен британдық Лорд Дэвид Эванске қазақстандық активтерді сатуға келісім бергені үшін 1 млн доллар пара алды деген айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлыбритания мен АҚШ соттарында Қазақстанның бұрынғы вице-премьері әрі экс-басшысы Ербол Орынбаевтың Эвансқа және есімдері аталмаған тағы екі директорға қарсы арызы қаралып жатыр. Сот құжаттарына сәйкес, үшеуі де Jusan қорының активтерін қазақстандық кәсіпкерге сату мәмлесі аясында 1 млн доллар алған деп айыпталған. Бұдан бөлек, Эванс мәмлені мақұлдағаны үшін 250 мың доллар жалақы мен жүздеген мың доллар көлемінде бонус алған.
Орынбаевтың айтуынша, активтер олардың нақты бағасынан “тым төмен” бағаға сатылған. Активтердің құны шамамен 1,6 млрд долларды құраса, олар небәрі 75 млн долларға сатылған.
Эванс және Jusan компаниясының өзге директорлары Орынбаевтың талабын толығымен жоққа шығарып отыр. Оған қоса айыпталушылар 2022 жылы Қазақстан үкіметі сот арқылы Jusan активтерін тартып алуға әрекеттеніп, нәтижесінде активтер бұғатталғанын алға тартты.
Jusan Bank қызметкері клиентке қазақша қызмет көрсетуден бас тартқан
Ұлыбританияда өткен сот процесінің судьясы Орынбаевтың айыптауларын күмәнмен қабылдады. Оның айтуынша, экс-шенеунік өз айыптарын дәлелдеу үшін біржақты және толық емес деректер ұсынған. Судья активтердің өз бағасын 150 млн доллар деп бағалаған. Дегенмен, директорлардың сыйақысына қатысты дерек бойынша толық зерттеу жүргізілетіні айтылды.
БАҚ-та тараған ақпараттан кейін Палата лордтары ережелерді бұзғаны үшін Лорд Дэвид Эвансты бес айға қызметінен шеттетті. Оған қоса, ол Лейбористік партияның ұйымдастырушысы қызметінен де айырылды. Бақылаушы органның мәліметінше, Эванс Палатадағы мәртебесін пайдаланып, өзі мүдделілік танытқан коммерциялық іс-шараларға әріптес пэрлерді тартқан.
Jusan Bank-тің шетелдік бақылауға өтуі көптеген даулы сот процестеріне себеп болды. 2023 жылдың 6 ақпанында Алматы прокуратурасы Jusan тобының активтерін Қазақстан юрисдикциясына қайтару және Pioneer Capital Invest пен Jusan Technologies арасындағы мәмлені жарамсыз деп тану туралы талап түсірді.
Жоспар бойынша үш қордың (кейін біріктірілген) табысы Назарбаев Университеті мен НЗМ-ді қаржыландыруға бағытталуы тиіс еді. Алайда бас прокуратураның пікірінше, Jusan тобын бақылаған New Generation Foundation бұл міндеттемелерді орындамаған, соның салдарынан студенттер мен оқушыларға зиян келген.
Жауап ретінде америкалық Jusan Holdings Невада сотына қарсы талап беріп, активтердің қайтарылуын тоқтатуға тырысты. 2023 жылдың маусымында процесс аяқталды. Jusan Bank және оның еншілес ұйымдары Қазақстан бақылауына қайта өтті. Активтер Назарбаев қорына емес, Ғалымжан Есеновке берілді. Ол First Heartland Securities арқылы акциялардың 77,86%-ын, ал 19,67%-ын тікелей иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін Jusan Bank атауын Alatau City Bank деп өзгерткені туралы жазған едік. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Вячеслав Кимге Jusan Bank-ті сатып алу бойынша рұқсат берген еді.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады