"Брешиа" футбол клубы 114 жылдық тарихынан кейін өз жұмысын тоқтатты
Фото: globallookpress.com
Еуропалық футбол тарихының тағы бір беті жабылды — Италияның әйгілі "Брешиа" футбол клубы ресми түрде тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
1911 жылы негізі қаланған, бір ғасырдан астам тарихы бар команда енді кәсіби жарыстарға қатыспайды.
Италиялық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, клуб ұзақ уақыттан бері шешілмеген қаржылық қиындықтарға тап болған. Қарыздарды жаба алмау, басқарудағы дағдарыс және инвесторлардың болмауы клубтың толық жабылуына алып келді.
114 жылдық тарихында "Брешиа" италиялық футболда айтарлықтай із қалдырды. Жоғары және төменгі лигалар арасында жиі ауысып жүрсе де, клуб бірнеше танымал ойыншыны тәрбиелеп шығарды. Олардың ішінде ең атақтысы — Италия футболының аңызы Андреа Пирло, ол өз мансабын дәл осы клубтан бастаған. Сондай-ақ, әр жылдары клуб құрамында Роберто Баджо, Лука Тони және Марек Гамшик секілді жұлдыздар ойнаған.
Клуб талай рет қиындықтарға қарамай Серия А-ға қайта оралған және жанкүйерлерінің ерекше қолдауына ие болған. Алайда соңғы жылдары "Брешиа" дағдарыс кезеңін бастан өткеріп, қаржылық жағдайы нашарлай түсті.
Осылайша, Ломбардияның мақтанышы саналатын клубтың тарихы аяқталды. Италья футболы бір ғасырдан астам уақыт бойы спорттық мәдениеттің бір бөлшегі болған ұжыммен қош айтысып отыр.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
