Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бойжеткен абайсызда 17 сантиметрлік қасықты жұтып қойған

Бойжеткен абайсызда 17 сантиметрлік қасықты жұтып қойғанФото: Unsplash

Бельгияда бойжеткен абайсызда қасық жұтып қойып, онымен бірнеше күн бойы жүрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Jam Press-ке сілтеме жасап хабарлайды.

28 жастағы Рэйми Амелинкстің айтуынша, бәрі диванға отырып, йогурт жей бастаған сәттен басталған. Қолын босату үшін қасықты аузына қыстырып қойған кезде, үйдегі иті аяқ астынан оның тізесіне секіріп шыққан. Күтпеген жағдайдан бойжеткен басын шалқайтып қалып, ұзындығы 17 сантиметрлік қасық байқаусызда тамағына кіріп кеткен.

Бойжеткен қасықты қайта шығарып алуға тырысқанын, бірақ ол тым терең кетіп қалғандықтан, оны жұтуға мәжбүр болғанын жеткізді.

Алғашында Амелинкс тек ұялу сезімін ғана сезінген. Жігіті жұмыстан келгенде де, болған жағдайды айтпаған.

Тек кешкі астан кейін интернеттен мақалалар оқыған соң, жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін түсініп, ауруханаға жүгінген. Дәрігерлер қасықтың тым үлкен екенін, сондықтан оның табиғи жолмен шығуы мүмкін емес екенін айтып, бірнеше күннен кейін гастроскопия жасауды жоспарлаған. Амелинкстің сөзінше, әсіресе түнде қасықты ішінен қатты сезінген. Кейде тіпті ол қабырғаларының арасында қозғалып жатқандай әсер қалдырған.

“Ішім кеуіп, жүрегім айни бастады, өзімді жайсыз сезінбей тамақ іше алмадым”, – деп сипаттады ол жағдайын.

Ақырында дәрігерлер гастроскопия кезінде қасықты бойжеткеннің асқазанынан алып шықты. Амелинкс процедура ауыр болғанымен, ота жасатудың қажеті болмағанына қуанған. Қорқынышты естелікке қарамастан, бойжеткен қасықты өзінде қалдыруды шешкен. Оның жігіті бұл ас құралын кейін арт-объектіге айналдыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін 82 жастағы қарияның дене бітімі өз жасынан әлдеқайда жас екені, ғалымдар таңғаларлық жағдайды зерттеп жатқаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 22:47