Бойы 1 метрден сәл-ақ асатын 24 жастағы жігерлі қыз нәпақасын өзі тауып жүр
Түркістанда Зәуре Аймырзаева есімді қыз тұрады. Оның да бойы өспей қалған. Бірақ Зәуре – қиындыққа мойымайтын, жігерлі жан. Кешегі аптада біз онымен жолығып, әңгімелестік.
Бұл туралы Замана газеті жазады.
«Мен 1992-жылдың тамыз айында Түркістан қаласында дүниеге келгенмін. Үйдің ортаншы перзентімін. Бір ағам, бір сіңлім бар. Әкем мешітте, анам ауруханада жұмыс істейді. Барлығының денсаулықтарында кінәрат жоқ. Тек менің ғана бойым өспей қалған. Нақты дертімнің себебі неден екенін білмеймін, біреулер тұқым қуалайды десе, бірі іште жатқанда қорқып қалғансың деп түсіндіреді. Тұқым қуалауы мүмкін емес. Себебі әулетімізде менен өзге бойы қысқа адам жоқ», – дейді Зәуре.
Оның бойының ұзындығы небәрі 1 метр 16 сантиметр. Дәрігерлер оған шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен-ақ «Соматогенный нанизм» диагнозын қойып, емделу жолы жоқ екенін айтқан.
«Ата-анам маған барлық жағынан демеу көрсетіп, қолдап отырды. Осы уақытқа дейін жанымнан табылып жүргендеріне алғысым шексіз»,– дейді ол.
Зәуре 1999-жылы Талғат Бигелдинов атындағы №16-шы жалпы орта мектебіне барыпты. Содан 4-ші сыныпқа дейін әкесі мектепке апарып жүріп, 5-ші сыныптан кейін білім алуды үйінде жалғастырған. Ол әсіресе математика, қазақ тілі пәндерін жақсы оқыпты. 10-шы сыныпты тәмамдарда туыс әпкесі хабарласып, Кентау қаласында арнайы кәсіптік колледждің ашылғанын айтып, оқуға түсуге шақырыпты. Содан ол оқуға түсіп, бухгалтер мамандығын алып шыққан. Одан кейін «Шапағат» қайырымдылық қорының президенті Еркін Шалтан деген кісімен танысып, бір жылдай оның тігін цехында бухгалтер қызметін атқарыпты. Ол жұмыс тоқтап қалғасын құрақ көрпешелердің шеттеріне ирек оюлар салып тігіп, тігіншілікпен айналыса бастапты.
«2014-жылдың қараша айында «Тұран – Түркістан» телеарнасының директоры Мұрат Бекбаев хабарласып: «Газетте жұмыс істей аласың ба?» – деп сұрады. Мен: «Бағымды сынап көрейін», – дедім. Міне, содан бері «Тұран-Ақпарат» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарып жүрмін», – дейді ол. Зәуренің қандай қызметкер екенін білу үшін әріптесі Фариза Оразханқызын сөзге тарттық.
«Зәуренің жауапкешілігі мол, өзіне берілген тапсырмаларды мұқият орындайды, ұжымда беделді қызметкерлеріміздің бірі. Оны ешкімнен де кем көрмейміз», – дейді ол.
Зәуре өзін өзгелердің мүсіркегенін жақтырмайды. «Мен көмекке қатты мұқтаж емеспін. Аллаға шүкір, ата-анам, бауырларым бар, бәрі де жұмыс істейді. Өзімнің де тұрақты жұмысым бар. Қазір үй кезегінде тұрмын. Менің арманым – ата-анамның үмітін ақтап, жұмыста үлкен жетістіктерге жету», – дейді Зәуре.
Адал жолмен өзі қалаған жұмысын істеп, нәпақасын тауып жүрген қайсар қызды біз өзгелерге өнеге еткіміз келеді. Сондай-ақ оның арман-мақсаттарына жетіп, өмірлік серігін жолықтыруына тілектестігімізді білдіреміз.
Жіберіп алмаңыз:
Жамбыл облысында 27 жастағы жігіт бүлдіршін кейпінде қалып өспей қалған (фото)
Дәрігерлер шарананы ана құрсағынан шығарып алып ота жасап, жатырына қайта салған (фото)
Жұмбақ сурет: Үш заттың ортақ ұқсастықтарын таба аласыз ба? (фото)
Министрлік: Колледж студенттері үшін оқу да, тамақ та, шәкіртақы да тегін болады