"Болат Назарбаевтың қатысы бар...": Мәдина Ералиеваның жалғыз ұлы алғаш рет анасының өліміне қатысты құпияны ашты
Кезінде "қазақтың Ақбаяны" атанған күміс көмей әнші, ерекше дауыс иесі Мәдина Ералиева тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Көлік апатынан көз жұмған өнер иесінің жалғыз ұлы Әрсен Ералы марқұм анасы жайлы естеліктермен бөлісіп, эксклюзив сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
– Әрсен, бүгінгі сұхбатта ерекше естеліктер, сағынышқа толы сәттер, ел естімеген ақпараттарды ақтарсақ деп отырмыз. Анаңыз танымал адам, сіз "жұлдыздың баласы" боп өстіңіз, ал балалық шағыңыз қалай өтті?
– Менің ойымша, балалық шағым өте қызық өтті. Өйткені кішкентай кезімнен анаммен бірге жүрдім, бүкіл саяхаттарда, әнсапарда жанында болдым. Қазақстанның түкпір-түкпірін араладық. Шет елдерге де бірге шықтық. Анам күніне ауыл-ауылды аралап екі-үш концерт қоя беретін. Шаршау дегенді білмеді. Үйде де сондай адам болды. Еңбекқор, талапшыл еді. Біздің жай, қол қусырып қарап отырғанымызды жақтырмайтын. Есіктен кіріп келгенде тыпырлап, бірдеңе істеп жатушы едік. Тазалықты сүйетін, кішкентайымнан жауапкершілікті мойныма алуды үйретті. Үйдің еркегі де, әйелі де өзі болды. Әкем екеуі мен кішкентай кезде айырылысып кеткен. Одан кейін анам маған әкенің жоқтығын білдірмей, барын беріп өсірді.
– Анаңыз аз ғұмыр сүрсе де, өнерге өз жолын салып, ізін қалдырып кетті. Әріптестерінен кімдермен дос болды?
– Әншілердің арасында анамның шынайы досы, құрбысы болды деп айта алмаймын. Бірақ тығыз араласып тұратын адамдары өте көп еді. Қалдыбек Құрманәлімен, Мақпал Жүнісовамен, Нағима Есқалиева, Майра Ілиясова, Жеңіс Ысқақова, "АБК" тобындағы жігіттермен жақын араласты. Ал былайша өнерге қатысы жоқ достары көп болатын. Анам өнерден дос таппады.
– Әрсен, сіздің отбасыңыздағы ең қаралы күн – 2000 жылдың қарашасы, яғни анаңыздан айырылған сәт...
– Иә, ол кез біз үшін өте ауыр сәт болды. 2000 жылы қараша айында анам жол апатына түсіп, өмірден өтті. Қайғылы хабарды маған Нағима Есқалиева естіртті. Кешкі уақыт, 27 қараша айы еді, үйге телефон шалды, орысшалап: "Мен Нағима апаңмын. Сенімен кездесуім керек, айтатын әңгімем бар. Қазір сенің үйіңе барамын" деп айтты. Мен таңғалдым, былайша өмірі қоңырау шалмайтын адам еді. Біртүрлі боп тұрып қалдым. Сөйтіп далаға шықтым, ол кісі мерседес көлігімен келді. Жанында үлкен кісілер бар. Болған жағдайды айтып берді. Мен сенбедім... Бәріне белгілі жағдай ғой, апат болған көлікте Болат Назарбаев та отырған. Кейін ол кісі де телефон соғып, "Иә, бәрі рас" деп жағдайды баяндап берді. Байқоңырдағы мәйітханада жүрген екен. "Әрсен, осындай болды, анаңнан айырылдық. Енді соны медициналық сараптама тағайындап, мәйітті союға рұқсат бересің бе?" деп сұрады. Мен небәрі 19 жастағы баламын ғой, "білмеймін" дедім. Сосын тәтем келді, жылап-еңіреп. Мең-зең боп отырып қалдым. Үйдің іші азан-қазан болды. Шынымды айтсам, анам қайтыс болғалы бері жыламадым. "Шок" алған сияқты, көзімнен жас шықпайды. Әлі күнге дейін келіп қалатын сияқты, күтемін, елеңдеймін. Кеңсайдағы зиратының басына барып құран бағыштаймын. Сондай сәтте тып-тыныш боп тұрған жерден аяқасты жел тұрады. Мен оны кәдімгідей сезем, сөйтіп анаммен тілдесем, сырласам. Өмірлік жағдайларда да солай, қандай да бір қиындық, мәселе шықса, соның шешімін табуға анам көмектеседі. Ол кәдімгідей білінеді. Егер анаммен қайта бір кездесу мүмкіндігі туса, бір жақсы сыйлық сыйлайтын едім. Өйткені анамның тірі кезінде сыйлық бермеппін. Сосын бір отырып жақсылап сөйлесуші едім. Анамның қандай қиындықтан өткенін, тағдырын енді түсініп, сезініп жатырмын.
– Осы орайда Болат Назарбаев пен сіздің анаңыз Мәдина Ералиеваның қарым-қатынасы жайлы айтып берсеңіз. Ол кісілер ресми түрде ерлі-зайыпты болды ма?
– Олар 1996-1997 жылдардан бастап ресми түрде ерлі-зайыпты болып, өмірінің соңына дейін бірге тұрды. Әрине, басында менде қызғаныш болды. Баласы ретінде анамның басқа адаммен бас қосқанын қабылдай алмай жүрдім. 14-15 жастағы, жасөспірім баламын. Бірақ ол өте жақсы, қарапайым кісі болған. Анамның таңдауы ғой, кейін оған ешқандай қарсылық білдірмедім. Араларында келіспеушілік болмады демеймін, болды. Есімде қалғанын айтайын. Анам өте ырымшыл адам еді. Мысалы, үйден шықты ма, қайтып келмейтін. Қайтып келсе, айнаға қарайтын. Бір күні үшеуміз Біріккен Араб әмірліктеріне жолға шықтық. Болат аға билетті, бәрін алып қойған. Үшеуміз машинаға мініп, әуежайға келе жатқанда жолда бір проблема шықты. Машинамызды полицейлер тоқатты-ау деймін. Сонда мамам "Болды, бармаймыз, артқа қайтайық" деді. Болат аға таңғалып, "не боп қалды" деді. Мамам "Мыналар бізді бөгеп тұр, жолда бірдеңе боп қалуы мүмкін қазір" деп көнбеді. Бірақ Болат аға айтқанынан қайтпай, бәріміз әуежайға барып едік, кеден қызметкерлері өткізбей тұрып алды. Бай кісі еді ғой, ірі көлемде ақша алып шыққан ба, бірдеңе болды. Сол кезде екеуі қатты ұрысты. Сол есімде қалыпты. Арада үш күндей уақыт өткенде Болат аға "біз мінбек болған ұшақтың бір қозғалтқышы істен шығып, апатты жағдайда қоныпты" деп айтты.
– Анаңыздың сезгіш қасиеті бар екен. Тіпті қайтыс боларын да алдын-ала сезген екен, иә?
– Иә, бір жыл бұрын "Түс көрдім, түсімде Арыстан баб әулие мені шақырды, құран бағышта деп айтты" деп сұхбаттарында айта бастады. Архивтерде сақталған. Сосын анамның бұрын Құран аяттарын оқып отырғанын көрмегем. Кейінгі бір жылда сүрелерді жаттап, үйде құран оқитынын көрдім. Кейде той, концерттен келгесін түнгі 2-ге дейін дұғаларын оқып, шырағын жағып отыратын. Сезіп жүрді деп ойлаймын.
– Мәдина Ералиеваның қазасына Болат Назарбаевтың қатысы болуы мүмкін деген де әңгіме айтылды. Бұған не дейсіз?
– Анам қайтыс болған кезде бәрі сөйтіп ойлады. Маған да біраз адам солай деп телефон соқты. Бірақ мен апат болған машинаны көрдім. Ішінде Болат ағадан бөлек менің жездем де болған. Ол кісі артында, Болат аға анамның жанында, ал анам рөлде отырған. Екеуі де ұйықтап қалған екен, "АБС-тің дыбысынан ояндық" деп болған жағдайды айтып берді. 27 қараша күні Байқоңыр мен Қазалының ортасындағы жолдың бір жері құрғақ, енді бір жері мұзды болған көрінеді. Сондай кездерде анам жылдамдықты асыра айдаған. Майлыбас деген үнемі апат болатын жер бар екен, соның тұсында төрт рет аударылған. Аударылған кезде анам көліктің терезесінен шығып кеткен. Болат Назарбаевтың қолы сынған, беті сырылған. Ал артындағы жездеме ештеңе болмаған. Енді, анам көлік айдауды өте жақсы көретін. Рөлге отырғанда рахаттанатын. Сол күні бір өкініштісі, қауіпсіздік белдігін тақпапты. Соны таққанда аман қалар ма еді деп ойлаймын. Терезеден шығып кеткені себеп боп тұр ғой...
– Әкеңіз Болат Атабаев та өмірден өтті... Ол кісімен араластыңыз ба?
– Иә, 22-23 жасымнан бастап әкеммен араластым. Себебі оған дейін біздің араласуымызға анам қарсы болды. Бәлкім ішінде бір өкпе-реніш болған шығар. Оны мен есейе келе түсіндім. Сөйтіп әкеммен табысып, бір-екі жыл бірге тұрдық, немерелерін көрді. Бірақ кейін Германияға көшіп кетті. Артынан барып тұрдым. 2021 жылдың наурызында Германиядан келді, тамыз айында өмірден өтті. Ол кісінің өмірі бәріне белгілі ғой. Жарақаттанды, қант диабетімен ауырды, одан бір аяғын кестірді. Арбаға таңылып қалды. Содан кейін елге келіп, диализін алып дегендей, өмірден өтерін сезген соң елге келді ғой, "ағайынның ортасында болайын" деп.
– Әкеңізбен соңғы әңгіме қалай болды?
– Соңғы кездесуіміз "Алма-Арасанда" болды, немерелерін ертіп апардым, тауда бірге отырдық. Қуанып қалды. Тағы да кездесеміз деп қоштасқанбыз. Қайтыс болардан үш күн бұрын WhatsApp-та сөйлестік. Жақсы боп отырған, "бұйырса бір-екі күнде кездесейік" деп айттым. Ол кісі де келісіп, кездесу уақытын белгілеп қойғанбыз. Бірақ үш күннен соң Дана тәтем хабарласып, "Әкеңнен айырылып қалдық" деп жылады.
– Әкеңіз белгілі режиссер, анаңыз әнші. Өзіңіз кім болуды армандадыңыз?
– Кішкентай күнімде әнші болғым келген. Анама еліктедім. Бірақ ол кісі "әншілікке жолама, ер адамның шаруасы емес" деп айтып отырды. Ол кезде әншілерге мемлекеттен қолдау болмаған. "Кәсіпкерлікті немесе ғылымды таңда" деп кеңес берді. Өнерге келуіме қарсы болды. Ал әкеммен бертін келе, 21-22 жасқа келгенде араласа бастадым. Ол кезде мен институтты бітіріп, жұмысқа тұрып қойғам. Ақыл сұрауға уақыт кеш болды.
– Осы жерде тегіңіз неге Атабаев емес деген сұрақ туындайды. Қазақта адамның тегі әкесінікімен бірдей болады ғой.
– Иә, кішкентай кезімде анам енді менің рұқсатымды сұрамай, өзі ауыстырып тастаған ғой. Оныншы сыныпқа дейін Атабаев болғам. Одан кейін куәлік алатын кезде анам Ералиев деп ауыстырып тастады. Кейін Ералиевты Ералы деп ауыстырды. Соған үйреніп кеттім енді, балаларым да Ералы боп жазылды.
– Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз...
– Үш балам бар, үлкенім – Әлішер, 18-ге келді. Ортаншымыз Ілияс, 16-ға толды. Үшінші балам Әділ, ол 12 жаста. Үшеуі де өнерге, спортқа жақын.
– Ал өзіңіз немен айналысасыз?
– Қазір Қытаймен тығыз байланыстамыз, автокөліктер тасымалдау бизнесіндеміз.
– Уақыт бөлгеніңізге, сұхбат бергеніңізге рақмет! Марқұм Мәдина Ералиеваның 70 жылдық еске алу кешінде жолығайық!
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.