Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Болат Назарбаев Бурабайдан таныс арқылы жер алған ба – Ақмола облысының әкімі жауап берді

жерФото:Viktoriya Fivko / Getty Images 

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабайдағы жер телімдерін "таныс арқылы" алуы мүмкін деген сұраққа жауап берді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте журналист әкімге бұған дейін Бурабайда жерді адамдар таныс арқылы заңсыз алуы мүмкін деген сөзіне қатысты сұрақ қойды. 

"Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару департаменті Болат Маржықпаев, Болат Назарбаев және оның балаларына қатысты сот процесін бастаған. Осы аты аталған адамдар сіз айтқан “таныс арқылы жер алғандар ма“, - деп сұрады журналист.

Ахметжанов жер иелерін сот кабинеті арқылы қарап көруге болатынын айтты. Журналист бұл адамдар жерді заңсыз алуы мүмкін бе деп қайта сұрады.

"Мұның бұған не қатысы бар? Мен таныс арқылы кез келген адам жер алуы мүмкін екенін айттым. Бұл мәселені құқық қорғау органдары анықтауы керек. Егер заң бұзушылықтар болса, жер заңсыз берілсе, онда кім алғанын, қай заңды бұзғанын және қандай жеңілдік арқылы алғанын тергеу органдары анықтауы тиіс. Бұл кез келген азамат болуы мүмкін. Міндетті түрде жоғары лауазымды тұлға емес, ол пара, сыбайлас жемқорлық немесе басқа да заңсыз жолмен алынуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені тексеру керек", - деді әкім.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысының әкімі МаратАхметжанов жол бойындағы дәретханалардың талапқа сай келмейтінін айтқан журналистің сөзіне де ашуланған болатын. Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімі Қосшыдағы осал топқа берілген үйлердің қирап қалғанын айтқан журналистің сұрағын дәлелсіз деп атады.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 16:28
Талқылау