Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нәтижесі болашаққа, табысқа, жеке өмірге әсер етеді": Оңтүстіккореялық мектеп түлектері 8 сағаттық тесттің маңызы туралы айтты

Оңтүстік Кореяда 8 сағатқа созылатын Сунын деп аталатын тест елдегі мектеп түлектері үшін өте маңызды екен. Сынақтың маңызын оқушылардың тестке дайындығы мен мемлекеттің тест күні түлектерге көрсететін қолдауынан-ақ білуге болады. Болашақ студенттер Сунын тапсыру үшін ішетін тамағы мен әжетханаға бару уақытын да бақылауға алып, дайындалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: BBC/Getty Images

Түлектер үшін Сунын – 8 сағат, 5 тест, 4 үзіліс, бір күн және бір мүмкіндік. 14 қараша күні оңтүстіккореялық түлектер Сунын тестін тапсырады. Олардың айтуынша, бұл тест олардың жоғары оқу орнына түсер алдында білімі мен қабілетін тексеру ғана емес. Сунын нәтижелері оқушының тағдырына, болашақ жұмысына, табысы мен жеке өміріне әсер етеді.

19 жастағы Хён Мин Хван кейбір достарының тест күні берілетін тағам жақсы сіңетініне көз жеткізу үшін емтиханға бірнеше күн қалғанда дәл сол тамақты жеп, өзін дайындайтынын айтады. Оқушылар әдетте емтихан күні таңғы асты өздері әкеледі.

“Сунын сегіз сағатқа созылады, әр пән арасында 20 минуттық үзіліс және 50 минуттық түскі үзіліс бар. Әр пән бойынша тесттер 80-нен 107 минутқа дейін созылады. Бұл сынақ жоғары зейінді қажет етеді. Кейбір достарым сол күннің тәртібіне үйрену үшін белгілі бір уақытта ұйықтап, оянады. Зейінді жақсарту үшін денеңіз демалу керек. Сондай-ақ әжетханаға шыға беруге де болмайды”, – дейді Хён Мин Хван.

Бұл күні түлектер шикі, ащы тағамдардан және ұннан жасалған, кеспе сияқты крахмалды тағамдардан аулақ болуға тырысады. Керісінше, банан, алма сияқты жемістер жеуге кеңес береді. Мұнда ақуыз да маңызды рөл атқарады. Оқушыларға тест кезінде түскі асқа асылған күріш, көмештелген балық, тауықтың төс еті, көкөністер және жылы сорпа береді.

Сунын тапсыратындардың қатарында Кан Ю Чжон есімді мектеп түлегі бар. Ол “Оқу-білім – болашағыңды қамтамасыз етудің жалғыз жолы” деп санайды. 

“Көп нәрсе тесттің нәтижесіне байланысты. Оған қарап басқалар сіздің әлеуметтік жағдайыңызды, өзгелердің сізді қалай қабылдайтынын анықтайды. Тест нәтижесі тіпті романтикалық қарым-қатынаста да маңызды рөл атқарады. Жұбыңыз сізді лайықты адам көре ме, жоқ па? Бұл да Сунынның нәтижесіне байланысты”, – дейді Кан Ю Чжон.

Сунын бес міндетті пәнді қамтиды: корей тілі, математика, ағылшын тілі, Корея тарихы және қоғамтану немесе жаратылыстану. Француз, қытай, жапон, орыс немесе араб тілдерінен қосымша емтихан тапсырылады.

Түлектер емтихан тапсыратын күні оларға тұтас мемлекет қолдау көрсетеді. Таңертең полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем тестке кешігіп бара жатқан студенттерді емтихан өтетін орынға жеткізіп тастауға дайын тұрады. Жол қозғалысын жеңілдету үшін Кореядағы көптеген компаниялар жұмысшыларға тест күні әдеттегіден кеш келуге рұқсат береді, тіпті қор биржасы кеш ашылады. Ал ағылшын тілінен аудио тестілеу кезінде әуе қозғалысы 35 минутқа тоқтатылады.

Емтихан күні кейбір мектептер жабылып, емтихан тапсыратын орталық ретінде қызмет етеді. Төменгі сыныпта оқитын оқушылар таңертең жиналып, барабан соғып, ән айтып, емтихан тапсыратын түлектердің көңілін көтеруге тырысады.

Талқылау