Болашаққа хат: Ақтауда 50 жыл бұрын жазылған хат табылды
Бірақ, түпнұсқасы емес, көшірмесі. Негізгісі баяғыда жоғалған. Ал көшірмесін белгісіз біреулер интернетте 4 миллион теңгеге саудаламақ болған еді. Бірақ ол өтірік болып шықты. Көшірмесін осы күнге дейін қаланың сол уақыттағы басшысы қызметін атқарған адам сақтап келіпті. Бір кездері оны суретке түсіріп, ғаламтормен досына жібермек болған екен. Бірақ, әлеуметтік желідегі парақшасын біреулер бұзып кіріп, сондағы суретті саудаға жариялап жіберген. Ал құпия хатта не жазылғанын оқу үшін халық жер-жерден жиылған, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Сурет: Mnews.kz.
-Сіздер біздің немерелеріміз боласыздар. Сіздердің өмірлеріңіз әлдеқайда қызықты болады. Біздің көрген күнімізді тек суреттер мен кітаптардан, фильмдерден көретін боласыздар.
Осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған хат тебіреніспен оқылды. Ал капсуланы көміп жатқанда Марина Остапенко небәрі бес жаста екен. Айтуынша, күн шақырайып тұрғанымен, аяз қарып тұрыпты. Сондағы сәттің бәрі оның әлі де көз алдында. Хат жасырылған ыдыс жоғалды дегенде қатты уайымдаған ол көшірмесінің табылғаны қуанышты.
«Анам айтатын, осы хатты жазу үшін ең әдемі жазатын қыздарды таңдап алдық деп. Өйткені, оқылғанда түсінікті болуы керек деді. Нақты есімде жоқ. Бірақ, білетінім, әуелі баспа әріптерімен жазатын болды. Онан соң каллиграфиямен жазамыз деп шешті. Сондықтан, бүгін оны оқу маған қиын болған жоқ», – дейді капсуланы көмген сәттің куәгері Марина Остапенко.
Ал көшірмесінің қалай саудаға шығып кеткені де бүгін ғана белгілі болды. Түпнұсқаның жоғалғанын естіген бойда Николай Баев көшірмесінің суретін қала әкімдігінің сайтына жариялапты. Ол сол уақыттағы қалалық атқару комитетінің хатшысы болған екен. Хаттың көшірме нұсқасын 1988 жылдан бері сақтап келіпті. Суретті интернет арқылы досына жіберсе, оны құйтұрқы біреулер өз пайдасына жаратып, 4 миллион теңгеге кенелмек болған.
«Оны өлшеп көрмек болып, суретке түсіріп, досыма жіберген едім. Досыммен арадағы әңгімемді біреу бұзып ашқан болу керек, суретті ұрлап алып, 4 миллион теңгеге сатпақ болыпты. Бірақ, түсінбейтінім, хат менің үйімде тұр. Әлгі біреу қалай сатпақ болып жүр?!» – дейді коммунистік партия комитетінің бұрынғы төрағасы Николай Баев.
Елу жыл бұрын жазылған хатты бүгінгі ұрпақ өкілдері ғана емес, сол жылдары бала болған куәгерлер де оқуға құмар екен. Қызықты шараға бәрі жиналды.
«1968 жылы келіп, көміп жатқанын көрдім. Енді осы жылдар қашан өтер екен деп күтіп едім. Енді ашып, оқыған сәтін де көріп тұрмын. Керемет. Біздей ардагерлердің қатары бүгінде аз. Дегенмен, әлі де еңбектеніп жатырмыз», – дейді капсуланы көмген сәттің куәгері Михаил Каширский.
Жұрт зарыға күткен хатта орындалмаған армандар да жазылған екен. Мәселен, алдыңғы ұрпақтың адамдары Жетібай, Өзен, Ералиев ауылдары аудан болады деп күтіпті. Одан басқа, Маңғышлақ мұнайы өңірдің басты байлығына айналарын күткен екен.
Оқи отырыңыз:
Алматы облысында қолмен балық аулағандар жазаланатын болды
Ақтөбе облысында күйеуін «есек» деп балағаттаған келіншекке айыппұл салынды
Алматыда тәулік бойы ашық болатын тегін мұз айдындары ашылды