Ақтөбе облысындағы шахтадағы апат: Зардап шеккен жұмысшылардың бірі көз жұмды
Хромтау ауданындағы Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты “Болашақ” шахтаның жұмысшысы кәсіпорындағы апат салдарынан ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Апат кезінде 3 жұмысшы зардап шекті.
“Олардың екеуі өзін жақсы сезінгендіктен үйіне қайтарылды. Ал үшінші науқасқа ағзалық жеткіліксіздік деген диагноз қойылды. Ол санитарлық тікұшақпен шұғыл облыстың көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Бірақ ауруханада көз жұмды”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы.
Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі департаментінің басшысы Жандос Әлімов апаттың негізгі себебін анықтау үшін бір айға жуық уақыт қажет екенін айтты.
“Қазхром" Тауарлардың ұлттық каталогы” АҚ баспасөз қызметі компанияның "Болашақ" кенішіндегі апаттан ауруханада қайтыс болған қызметкердің отбасына қолдау көрсетілетінін мәлім етті.
“Қызметкер жансақтау бөлімінде болды. Дрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күресті. Барлық қажет мамандар жұмылдырылды. Жасалған барлық ем-домға қызметкер қайтыс болды. Әлеуметтік, материалдық қолдау көрсету және моральдық зиянды есептегенде марқұмның туыстарына қызметкердің 10 жылдық орташа еңбекақысы мөлшерінде өтемақы төленеді. Сондай-ақ жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қаржылай көмек беріледі. Компания марқұмның балаларының оқу ақысын өз мойнына алады және қажет болған жағдайда отбасы мүшелерінің бірін жұмыспен қамтамасыз етеді”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар марқұмның отбасы еңбек міндеттерін орындау кезінде қызметкерлерді міндетті сақтандыру туралы заңға сәйкес төлемдер алады.
Компания марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтты.
Еске салайық, 28 ақпанда Хромтау кенішінде жарылыс болып, бірнеше кенші күйікпен ауруханаға түскен еді. Апат Дөң тау-кен байыту комбинатының "Болашақ" кенішінде кен өндіру блогында бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде ауа кеңістігінің қысқа мерзімді тұтануы пайда болған.