Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менің жеке өмірім": Серік Жұманғарин премьер-министр болуға қатысты сұраққа жауап берді

Үкімет отырысынан кейін премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин алдағы мақсаты, қызметтегі амбициясы туралы сауалға жауап берді. Ол бұл жеке басқа қатысты сұрақ екенін айтып, жауап беруден бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: primeminister.kz

Вице-премьер журналистің “Премьер-министр болғыңыз келе ме?” деген сұрағына жауап беруге ниеті жоқ екенін білдірді.

“Кімнің амбициясы? Менің бе? Мен бұл сұраққа жауап бермеймін. Қызметіме қатысы жоқ жеке сипаттағы сұрақтарға жауап бермеймін. Бұл жеке бастың шаруасына қатысты қойылған сұрақ. Біз қандай да бір қоғамдық келісімде өмір сүріп жатырмыз. Біз мұнда не үшін келдік? Сізбен әңгіме-дүкен құруға келмеген шығармыз. Айналысатын іс тауып аламын. Бұл – менің жеке өмірім. Немен шұғылданамын, қалай айналысамын, оның сіздерге қатысы жоқ. Болашағымды қалай, кіммен, қайда елестетенімнің сіздерге қатысы жоқ”, – деді ол.

Серік Жұманғарин арнайы нұсқау бар екенін және үкімет халықтың үніне құлақ асу қағидатын ұстанатынын алға тартты.

“Біз өз ұстанымымызды халыққа қалай жеткізе аламыз? Тек сіздер арқылы – "төртінші билік" арқылы. Сондықтан бір-бірімізбен кәсіби түрде сөйлесейік, оған менің амбицияларымның қандай қатысы бар, менің нені қалайтыным, нені қаламайтыным кімге қызық?” – деді Серік Жұманғарин.

Еске салайық, бұған дейін вице-премьер Қанат Бозымбаев болашақта үкіметті басқару ойы бар-жоғын айтқан еді. Журналистердің сауалына жауап берген ол, бұл сұрақтан шаршағанын айтты. 

"Маған бір қызметті тапсырса, барымды салып жұмыс істеуге тырысамын. Егер жайдан жай отырсаң, ол қызметті атқарып қажеті жоқ. Қандай бағытта болсын, бастысы жұмыс істеу керек", – деді ол.

Талқылау