"Біз өзіміз дөрекілік пен ұятсыздықты насихаттап отырмыз": Депутаттар әртістердің әндері мен отандық фильмдерді сынға алды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов Қазақстандағы фильмдерде дөрекілік, арсыз сөздер мен қатыгездік жиі кездесетінін айтып, бұндай контентке наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат ұлттық фильмдер мен сериалдарды қолайсыз сөздерден тазартып, әдепсіз сөздердің қоғамдық орындарда, тіпті мемлекеттік мекемелерде қалыпты жағдайға айналуына жол бермеуді талап етті.
"Президентіміз қоғамның моральдық ахуалына алаңдаушылық білдіріп отыр. Барлығы сөзден басталады. Қазір автобустарда, қоғамдық орындарда, тіпті мемлекеттік мекемелерде әдепсіз сөздер кеңінен қолданылатын болды. Егер біз өз фильмдеріміз арқылы дөрекілік пен көргенсіздікті насихаттасақ, қайда барамыз? Балалар кішкентайынан осылай сөйлеуге үйреніп жатыр. Не істеу керек?" – деді Бексұлтанов мәжіліс отырысында.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл мәселені құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы жаңа заң арқылы шешпек екенін айтты. Айтуынша, заңға сәйкес тәрбие жұмыстары жүргізіліп, айыппұл енгізіледі.
"Бұл – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ісі. Біз тәрбие жұмыстарын жүргізіп, айыппұлдар енгіземіз, бірақ жүйелі жұмыс қажет", – деді министр.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мазмұнға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.
"Насихат пен әдепсіз сөздер мәселесі осы заң жобасында қарастырылып жатыр, әрі қарай жұмыс істейміз", – деді ол.
Депутат Ринат Заитов өнер туындыларын сөзсіз шектеу идеясына қарсы шықты. Ол фильмдердің өнер екенін, шектеулер режиссерлерді шығармашылық жұмыстары үшін жауапқа тартуға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
"Заң талаптарын орындау барысында ертең режиссерлерді ұлттық дәстүрлге негізделген фильмдерді түсіргені үшін қудалаймыз ба? Мысалы, қыз ұрлау сияқты әдет-ғұрыптар туралы фильмдер бар. Бұл ұлттық фольклорымыздан айырылып қалуымызға әкелуі мүмкін", – деді ол.
Осы сөздерге Қанат Ысқақов Конституцияда цензура тыйым салынғанын айтып жауап берді.
"Сөз бостандығы мен пікір білдіру құқығы сақталады. Заңға қайшы болмаса, ешкімді қудаламаймыз. Мұндай сюжеттер жеке қаралады, мақсат – жазалау емес, ұлттық идеяны қолдау", – деді ол.
Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов мектептерде патриоттық тәрбие бағдарламалары бар екенін, министрлік тіл мәдениетін дамыту бағытында бірге жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
Мажіліс депутаты Үнзила Шапақ "Ирина Қайратқызы" тобының әндеріндегі дөрекі сөздерді сынады. Оның пікірінше, блогерлер мен инфлюенсерлердің мұндай әрекеттері жас ұрпаққа кері әсерін тигізеді.
"Бұл мәселе әсіресе балалардың назарында жүрген адамдар туралы айтқанда алаңдатады. Мұндай сөздер мен қылықтар біздің ұрпаққа қара күйе жаққандай әсер етеді. Жастар оларға еліктейді. Сондықтан менің осы мәселеге қатысты ұстанымым өте қатал", – деді депутат.
"Ирина Қайратқызы" тобының әндері мен шоулары Қазақстан жастары арасында танымал екенін ескере отырып, Шапақ әртістерді азаматтық жауапкершілікті ойлауға шақырды.
"Мен адамның мұндай сөздерді қолдануына шектеу қоюды дұрыс деп есептемеймін, оны орынды қолдану дұрыс болады. Бірақ егер олардың азаматтық сана-сезімі жоғары болса, олар өздеріне еліктейтін адамдарды ойлап, мұндай әдеттерді қолдамауы керек", – деді ол.
"Ирина Қайратқызы" тобы әзіл-сықақ видеоларымен және "5000" сияқты хиттерімен танымал. Бұған дейін олар сахнада әдепсіз сөздер айтқаны үшін сынға қалған еді. 2019 жылы олар үйдегі зорлық-зомбылықа қарсы "Беги" атты ән шығарған еді.

Дженнифер Лопестен Real Madrid-ке дейін: Әлемдік жұлдыздардың келуі Қазақстанға қандай пайда әкелді
