Lamborghini мен жүздеген миллион теңге: Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен жұбайы үйқамаққа қамалды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың қатысы бар заңсыз кәсіпкерлік қызмет және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу деректеріне сәйкес, Instagram әлеуметтік желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты 2025 жылы онлайн курстарды сату сылтауымен заңсыз схема ұйымдастырған. Курстарды сатып алудың негізгі уәжі қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу болған.
Анықталғандай, таратылған бейнематериалдардың басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін формалды түрде жасыру үшін пайдаланылған.
Жүлде қоры жарияланғандай жеке қаражат есебінен емес, онлайн курстарға төлем жасаған қатысушылардың ақшасы есебінен қалыптастырылған. Сонымен қатар электронды "сәттілік барабанының" параметрлерін өзгерту фактілері анықталып, 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылған, ал құнды жүлделерді алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген.
Күдіктілер акцияның қамту аясын кеңейту мақсатында ең көп репост жасаған қатысушыға 11-автокөлік табысталды деп жариялаған. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық берілмеген. Осылайша, азаматтардан Zhana Business ЖШС бақылауындағы шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 247,5 миллион теңге болған. Оның 60 миллион теңгесі депозиттік шоттарға салынған.
Сот санкциясымен iPhone 17 ұялы телефонына, сондай-ақ Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 автокөліктерін қоса алғанда, 10 көлікке тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір олар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.
- Блогер Жанәбіловтер 7 жылға дейін сотталуы мүмкін – адвокат
- Supermamasita, Дархан Жолшыбек, Мөлдір Мұқанова: Заңсыз лотерея үшін айыппұл арқалаған қазақстандық блогерлердің тізімі жарияланды
Еске салайық, бұған дейін блогер Жанәбіловтер отбасы ұйымдастырған 10 көлік ұтысы дау туғызғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігі ұтыс заңдылығын тексеруге кірісіп, материалдар туризм министрлігінің "Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне" жолданды. Артынша, туризм және спорт министрлігі Instagram әлеуметтік желісіндегі "Zhanabylov_e" және "elt6i" аккаунттарында өткізілген бағалы сыйлықтарды ұтысқа салуға қатысты мәлімдеме жасаған еді.
"Төрт жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған": Сарапшы Шарлапаевтың "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына тағайындалуын сынға алды