Блогерге 600 мың теңгеге торт жасаған кондитер одан 3 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті
Фото: әлеуметтік желіден
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында алматылық кондитер Нұршат Ақбергенованың блогер Аселина Батырдың үстінен жазған талап арызы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдын ала сот тыңдауына талап арыз беруші онлайн қатысты. Ал жауапкердің өзі процеске қатысып жатқан жоқ, орнына онлайн форматта екі өкілі қатысты.
Сот процесінде кондитер Нұршат Ақбергенованың өкілі талап арыз берушінің жауапкермен бейбіт келісімге келуге қарсы емес екенін мәлімдеді.
"Жауапкер талап арыз беруші қойған талаптарды, яғни міндеттемелерді орындаған жағдайда бітімге келуге дайынбыз. Бұл талаптарға мыналар кіреді: 500 000 теңге сомасында қалған борышты өтеу және менің сенім білдірушімнің беделіне зиян келтірген мәлімдемені бұқаралық ақпарат құралдарында теріске шығару. Осылар орындалған жағдайда біз мен көрсетіп отырған заңгерлік көмек үшін өтемақы өндіруден бас тартамыз. Бұл жауапкер үшін де тиімді деп ойлаймын", – деді талап арыз берушінің өкілі.
Кондитер Нұршат Ақбергенова салмағы 18 килограмм болатын мерекелік торт жасағанын, оның құны 600 мың теңгеге бағаланғанын айтады. Оның айтуынша, оны жасауға 440 мың теңге жұмсалған, ал жұмыс бір аптаға созылған. Клиент блогер Аселина Батыр алдын ала 100 мың теңге төлеген.
Блогердің қорғау тарапы торт бағасы қымбат бағаланғанын және қорытынды сома күтпеген жерден айтылғанын, себебі тортты тапсырғанға дейін баға талқыланбағанын мәлімдеді.
Отырыста Әселина Батырдың адвокаттары процесті жабық өткізуге өтініш білдірді. Олардың айтуынша, блогердің атына "әлемдік деңгейде буллинг" пен "кибербуллинг" жалғасуда, ал дау қорғаушылардың пікірінше хайпқа ұласқан.
Сонымен қатар, блогердің өкілдері соттан кондитердің әлеуметтік желілердегі жарияланымдарына саяси-лингвистикалық және психологиялық сараптама тағайындауды сұрады. Олардың пікірінше, Нұршаттың әлеуметтік желілерде жариялаған жазбалары Әселина батырға, сондай-ақ сотқа қысым жасауы мүмкін. Сонымен қатар, блогердің адвокаттары Аселина еуропалық дипломаттың жұбайы екенін, іс саяси спипатқа ауысып бара жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ сотта контитер блогердің өзін қорлағанын айтып, 3 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап еткен.
“Менің сенім білдірушім өзіне келтірілген моральдық зиянды 3 миллион теңгеге бағалайды. Бұл блогер таратқан айыптаудың, сондай-ақ ол кәсіби және адам ретінде бастан кешірген қысымның салдары”, – деп мәлімдеді адвокат Аржан Садуақас.
Оның айтуынша, блогер әлеуметтік желілерде Нұршатты "алаяқ" деп атап, тортты "хайпқа" айналдырды деп айыптаған. Кондитер осы айыптауларды көпшілік алдында теріске шығаруды талап етеді.
"Біз блогердің сот отырыстарына жеке қатысуын талап етеміз, өйткені әңгіме тек өтелмеген борыш туралы ғана емес, сонымен қатар ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы да болып отыр.Торт 20 күн бойы дайындалды, онда қымбат ингредиенттер мен ою-өрнектері бар жастық түріндегі күрделі дизайн қолданылды ", – деді адвокат.
Сонымен қатар, кондитердің адвокатының айтуынша, судья оның сұрақ қою уақыты мен сөзін шектеп, ал блогер Әсел Батырдың өкілдеріне көбірек мүмкіндік берген.
"Маған жеткілікті уақыт бермейсіз. Ал қарсы тараптың адвокаттарына ұзақ сөйлеуге рұқсат беріп отырсыз. Мені тоқтатпаңыз", – деді адвокат.
Ол сондай-ақ Батырдың қорғаушылары сотқа онлайн қосылып, отырып сөйлегенін де атап көрсетіп, бұның сотқа құрметсіздік екенін айтты.
"Өзіңізді бүкіл Қазақстанның алдында ұятқа қалдырып отырсыз", – деді адвокат.
"Сіз сотты да, өзіңізді де ұятқа қалдырдыңыз. Сотта этика сақталуы тиіс", – деп жауап қатты судья.
Судья екі тараптың да өкілдеріне қатысты "сотқа құрметсіздік танытты" деген бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылатынын хабарлады.
Судья тараптардың дәлелдерін тыңдады, алайда түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бұл отырыс алдын ала тыңдау сипатында болды. Тараптардың медиацияға жүгінуге мүмкіндігі бар. Алда тағы бірнеше отырыс болады, онда қаржылық құжаттарды, сараптамалық қорытындыларды және басқа да дәлелдемелерді қарау жоспарланған.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
