Танымал блогерді балағаттаған қазақстандық стендапер 15 тәулікке қамалды
Әзілкеш, стендапер Нұрасхан Басқожа желіде Madlen лақап атымен танылған Мадина Мамадалиеваның жеке басына қатысты мәлімдемесінен кейін 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz коллажы
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі стендап-комикке ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылғанын (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі) мәлімдеді.
“Сот анықтағандай, айыпталушы ойын-сауық мекемесінде стендап айту кезінде жиналғандарға қатысты әдепсіз сөздер айтып, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзған. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растады”, – делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.
Сот айыпталушыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 15 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, әзілкеш стендап сахнасында жемқорлық туралы әзіл айтып, көрерменді күлдіргенін және сөз арасында блогердің атын айтқанын жаздық. Оның “ақшаны ұрлауды жалғастыра бересің. Сосын Дубайға қыдырып, Мадлен сияқты блогерлермен жатып, демаласың” деген әзілі көпшіліктің және блогердің ашуын тудырды.