Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Блогер Үлкен Алматы өзені жағалауындағы гранит тақталардың ұрланып жатқан сәтін видеоға түсіріп алды

Видеодан скрин

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауын жөндеу кезінде шыққан бағалы гранит тастардың ұрланып жатқан сәтін видеоға түсіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қоғам белсендісі алыстан түсірген видеодан өзен жағалауынан гранит тақталарды тиеген жүк көлігін көруге болады. Видео авторының айтуынша, мұның барлығын полиция қызметкері бақылап тұрған.

Боқаев жүк көлігін аңдып, тақталарды қайда апаратындарын анықтауға тырысқан. Жүк көлігі Алматы облысының Талғар ауданына, гранит құлпытастар шығаратын ғимаратқа келіп, тақталарды түсіре бастайды.

Содан кейін қоғам белсендісі көлік жүргізушісінен тастарды қайдан алғанын сұрайды, жүргізуші Айтей елдімекеніндегі қоқыс алаңынан алғанын, қоқыстан шыққан сынық тастар екенін айтады. Санжар Боқаев жүргізушіге оны аңдып келе жатқанын, тастарды қайдан алғанын білетінін айтқан соң, жүргізуші тақталарды қайта тиеп, алған жеріне апарып тастаған.


Алматыда жолдағы бүтін брусчаткаларды сындырып жатқан жұмысшылардың видеосы тарады

"Мамыр айында төселген брусчатка тамызда қайта жасалған": Алматылық тұрғын оқу жылы қарсаңындағы қолайсыздыққа шағымданды


 

Алматы әкімдігінің экология және қоршаған орта басқармасы, видеоға түсініктеме беріп, жағалаудан тақталардың ұрланғанын растады.

“15 қыркүйек күні кешкісін белгісіз жүк көлігі заңсыз түрде 12 тақтаны алып кеткен. Жүргізушінің белгісіз бір адамның өтініші бойынша әрекет еткені анықталды. Жүргізушінің айтуынша, ол Акылбек деген жігіттің өтініші бойынша күзетшімен сөз байласып, гранит тақталарды тиеген, сол үшін оған 50 000 теңге сыйақы уәде етілген”, – делінген жауапта. 

Сонымен қатар жауапта өзен жағалауында абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «Павлодар өзен порты» АҚ полицияға арыз жазғаны айтылған.

Басқарманың мәліметінше, тақталарды ауыстыру Үлкен Алматы өзенінің арнасын реконструкциялау және абаттандыру бойынша бекітілген жобаның бөлігі.

“Жоба аясында Әл-Фараби даңғылынан жоғары ескірген және бүлінген тақталар алынып тасталады. Жарамды элементтер Торайғыров көшесінен Сәтпаев көшесіне дейінгі учаскеде қайта пайдаланылады, ал тақталардың орнына бетон төселеді”, – делінген экология басқармасының жауабында. 

Басқарма жалпы 2 110 тақта алынып тасталып, оның 1 250-і қайта орнатылғанын, қалғандары әрі қарай пайдалану үшін қоймаға қойылғанын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін қоғам белсендісі Санжан Боқаев Алматыдағы ескі брусчаткалардың жеке қолға сатып жатқанын мәлімдеген еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 17 Қыркүйек, 2025 20:01
Талқылау