Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Блогер Мұрат Әбділда қайтадан қамауға алынды

Фото: Видеодан скриншот

Шартты түрде босатылған блогер Мұрат Әбділда қайтадан қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Түркістан қаласының ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен 2022 жылы сотты болған Мұрат Әбділдаға қатысты ұсыным қаралды. Ұсынымда Сауран аудандық полиция бөлімі блогердің мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жойып, жазаның қалған өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыруды сұраған.

Сотталған Мұрат Әбділда 2024 жылы соттың қаулысы негізінде қылмыстық кодекстің 72-бабына сай бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген 2 жыл 11 күнін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, Түркістан облысының полиция департаметінің Сауран аудандық полиция бөліміне профилактикалық есепке алынған.

Профилактикалық есепте тұрғанына қарамастан, Мұрат Әбділда 2024 жылы ортақ пайдалану орнын ластағаны үшін ӘҚБтК 434-2 бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынған. Сонымен қатар 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында 5 рет тіркелуге келмегені және 4 рет түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмағаны анықталған.



Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі оқиғаны Stan.kz тілшісіне растады. 

“Мұрат Әбділданы мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күші жойылып, жазаның қалған өтелмеген бөлігі 2 жыл 11 күнін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылды. Блогер сот залында қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ”, – деді ресми өкіл.

Еске салайық, блогер үшінші рет шаңырақ көтергенін айтқан еді. 

Гүлдана Нұрлыханова
Бейсенбі, 24 Сәуір, 2025 15:22
Талқылау