Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Димаш Қашкен дөрекі ойыны үшін тағы да сынның астында қалды

Дінмұхамед ҚашкенФото:Stan.kz collage

8 наурыз күні Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы ойындарының бірінде “Астана” өз алаңында “Жетісу” командасын қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Матч барысында “Жетісу” командасының қорғаушысы Дінмұхамед Қашкен дөрекі ойынымен көзге түсті. Осыдан кейін футболшы жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырады.

“Бұл ойыншыны ұлттық құрамаға қалай шақырып жүр? Шынымды айтсам, бұл ойыншыны тіпті Әуесқой лигаға шақырса да ұят сияқты. Абырой барда өзі-ақ қойса дұрыс болар еді”, “Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талдаңда”, “Масқара, 17 жастағы футболшыға соншалықты дөрекі қылық көрсеткені нес”, “Байдың баласы, тиіспеңдер, жүре берсін”, “Еуропада болса, бірден қызыл қағаз алып тұр ғой”, – деген сын пікірлер әлеуметтік желіде толассыз жазылып жатыр.

Айта кетейік, Дінмұхамед Қашкенге қатысты мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Ол бұған дейін де бірнеше рет жанкүйерлер тарапынан сынға қалған.

Өткен жылы ол “Қайрат” командасымен өткен матчта да оның ойыны көптің көңілінен шықпаған еді. Сондай-ақ ол Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алған кезде де сынға ұшыраған.

Айта кетейік, футболшы 2023 жылы танымал блогер Мерей Абиловаға үйленгеннен кейін кеңінен таныла бастады.

Ақерке Өмірхан
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 13:38