“Ересек әйел кәмелетке толмағандарға неге тиіседі?" Қазақстандық блогердің басы тағы да дауға қалды

Қазақстандық блогер Аружан Айбекова қоғамдық орында кәмелетке толмаған жасөспірімдерге тиісіп, тағы да қоғамның ашуын туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы метросында түсірілген пранктің видеосы блогердің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Кадрлардан Аружан Айбекованың жасөспірімдерге жақындап, саны мен қолдарынан ұстап, саусақтарын “айқастырғаны” көрінеді. Балалар шошып, қысылып, қалай жауап берерін білмей тұрады, ал достары күліп, жағдайды әзілге айналдырады.
Жасөспірімдердің ыңғайсызданғаны анық байқалғанына қарамастан, блогер “пранкті” жалғастыра береді.
Айбекованың әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларына жақпай қалды. Көпшілік мұны ашық түрде алымсақтық деп бағалап отыр.
“Көп адам “Сүйкімді, жай әзіл ғой, жасөспірімдер ғой” деп жазып жатыр. Ал егер дәл осылай бір жігіт қыздарға жасаса, қоғамда үлкен резонанс болар еді. “Қол жүгіртті, тиісіп, ар-намысқа қол сұққан” дер еді. Неге бұл тек ер балаларға әсер етеді? Өзгенің жеке кеңістігін бұзуға ешкімнің құқығы жоқ”, “Ересек әйел кәмелетке толмағандарға неге тиіседі? Неге оған әлі күнге дейін тоқтау салынбаған?”, “Қоғамдық жерде бейтаныс адамдарға тиісіп, қол тигізеді. Бұл харассмент емес пе?” – деп жазған олар.
Кейбір қолданушылар полиция мен мемлекеттік органдардың парақшаларын белгілеп, болған жайтқа құқықтық баға беруді және блогерді жауапкершілікке тартуды талап ете бастаған.
Айта кетейік, Аружан Айбекованы Instagram-да 1,2 миллионнан астам адам оқиды.
Еске салсақ, бұған дейін де Айбекова “пранк” үшін халықаралық деңгейде талай дауға іліккен. Қытайда ол көшедегі адамдарды көпшілік алдында ұрлық жасады деп айыптап видео түсірген. Көптеген шағымнан кейін билік оның парақшасын бұғаттап, Гуанчжоу полициясы тексеріс бастаған. Кейіннен блогер Қытайда түсірген пранк үшін көпшіліктен кешірім сұраған еді.
Алайда кейін дәл осы әрекетімен Ташкентте көзге түсті. Онда Айбекова бейтаныс ер адамдардың жанына отырып, кенеттен қолы мен санынан ұстайды. Бұл видео өзбекстандық қолданушылар арасында наразылық туғызды.
Қазақстанның вице-президенті кім болуы мүмкін және оның өкілеттігіне не кіреді: Саясаттанушылар жауабы