Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО тұрғыны қант, қағаз бен астық тапшылығын пайдаланып, миллиондаған ақша тапқан

БҚО-да ер адам жоқ тауарларды сатып, миллиондаған пайда тапқан. Ол өңірдегі, қант, қағаз бен астық тапшылығын тиімді пайдаланған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" порталына сілтеме жасап. 

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 29 жастағы алаяқ биыл мамыр айында бір адамға 10 қорап кеңсе қағазын тауып беруге уәде беріп, одан 75 мың теңге алған. Ақшаны алған соң, ізін суытқан. 

Екінші тұрғынға астық тауып беретінін айтып, 4,4 млн теңгесін қолды қылған. Алаяқ мұнымен де тоқтамаған. 10 маусым күні ол 45 жастағы әйелге бірнеше бас қойды тиімді бағамен алып беретінін айтып, 1,1 млн теңгесін алған. Зардап шегуші уақыт создырмай, полицияға шағым түсірді. Сол күні алаяқ 21 жастағы жігітке жүргізуші куәлігін алып беруге көмектесетінін айтып, 150 мың теңге сұраған. 



Ал маусым айының соңында қант тапшылығын пайдаланып, екі әйелді алдап соқты. Ол арзан қант тауып беретінін айтқан. Әйелдің бірі 20 қапқа 320 мың теңге төлесе, екіншісі 60 қап алмақ болып 1,1 млн теңге берген. 

Тергеу кезінде полицейлер алаяқтың 2020 жылдан бері халықты алдап келгенін анықтады. Жер телімін сату және Ресейден автокөлік сатып алу деген желеумен ол 28 жастағы ер адамнан 8 млн теңге алған. 

Тәртіп сақшылары алаяқтың өзге қылмыстарға қатысы барын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары Қылмыстық кодекстің 190-"Алаяқтық" бабы бойынша жүргізіліп жатыр. 

Талқылау