Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған ақшаға көлік сатып алған қайырымдылық қорының басшысы тексеріліп жатыр

Ақжайық қорының басшысы тексеріліп жатырФото: uralskweek.kz, auto.ru

"Ақжайық" қорына қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист "Ақжайық" қорының директоры су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған ақшаға автокөлік сатып алғанын айтып, бұл дерек тексерілді ме деп сұрады.

"Жалпы енді қорға көп қаражат түсті. Тасқын зардабын жою үшін кәсіпкерлерден түскен қыруар қаражаттың қайда жұмсалғанын құзырлы органдар тексереді. Сондықтын, "Ақжайық" қорына қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Қорытындысы шыққан соң жариялаймыз", – деді облыс әкімі.

“Орал апталығының” жазуынша, “Ақжайық” қорының директоры Тілекқабыл Имашев 2024 жылы Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған қайырымдылық қаражаттарын депозитке салып, пайыздан түскен сыйақымен Hyundai Tucson маркалы автокөлік сатып алған.

Басылым 2025 жылы төленген 29 209 теңге көлік салығына қарап, жаңа көліктің кем дегенде 21 миллион теңгеге сатып алынғанын атап өтті.

2024 жылғы су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімдігі “Ақжайық” қорының шот нөмірін жариялап, су тасқынынан мүлкі зақымданған адамдарға қайырымдылық қаражатын қабылдаған.

Басылым Тілекқабыл Имашевтен қайырымдылық қоры үшін көлік сатып алуға қандай қажеттілік болғанын сұрап көрген.

“Tucson сатып алдым, не болды? Бізге қозғалыс құралы қажет еді. Бұл сіздерге қандай қатысы бар? Неге сұрап отырсыздар? Бұл менің жеке қорым. Бұл депозиттен алынған өз қаражатым, мен оны өзім таптым", – дейді "Ақжайық" қорының директоры.

Айта кетейік, бұған дейін "Ақжайық" қорының директоры су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған ақшаға автокөлік сатып алғаны туралы ақпарат тараған еді.

Рая Мінәп
Дүйсенбі, 08 Желтоқсан, 2025 17:34