Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да 70 жастағы қария ауласына шыны бөтелкелерден қоршау салған (фото)

Бөтелкелерден аула салған Хамидолла Жанадилов Сырым ауданы орталығы Жымпитыға іргелес Өлеңті ауылында тұрады.

20170504184532

Бұл туралы Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Мүсірбек Айташевтің мақаласында айтылды.

Келер жылы амандық болса, 70 жасқа толатын Хабес аға бүгінде ширақ қимылдайды, көңілі сергек жан.

Әкесі Қайырсапаның ағасы Сапардың қамқорлығында еңбек етіп, ысылған Хамидоллаға ауылдың тірлігі анабір қиынға соқпады. Мал бағу, жылқы табынын жіті қадағалау, малға санитарлық қызметтер көрсету жағын Хамидолла жауапкершілікпен атқарып, басшылықтың да назарына ілікті.

Десек те, балалық шағынан жер бетіңде шашылып жатқан темір-терсек, қағаз қалдықтарын, қоқыстарды жинауға әуес болып ержеткен Хамидолланың бұл әдеті өрши түспесе, кеміген емес.

20170504184519

Хабес ағаның өзінің айтуынша, мынадай оқиға болыпты. Өрісте қой отарын бағып жүрген кезінде Хамидолланың жанарына жерде шаншулы тұрған трактордың тіркемесіндегі шөп шабатын ораққа барып ұрынған сиырдың желінінің қызыл қанға боялған сәті түсіп, адамдардың салдыр-салақтығына жаны жабырқаған. Сөйтіп, нақтысын айтар болсақ, осындай салақтық, келеңсіздікті көрген Хамидолла жанарына іліккен темір-терсек, қағаз қалдықтарын жинауды ғадет қылады. Бұл үрдіс тіпті 2001 жылдары тым қарқын ала түсіп, ерініп-жалығуды білмейтін Жанадилов ауыл көшелерінде, ашық алаңдарда шашылып жатқан бос бөтелкелерді қанарға тығыздап салып, қол арбасымен үйінің ауласына тасуды әдетіне айналдырды. Осылайша, ол көшелерде шашылып жатқан бос бөтелкелерді жинап, қол арбасымен бір қатынағанында, 100-ге жуығын ауласына тасыды. Әкелгенде бос бөтелкелер ауласында шашылып жатпайды, қыздың жиған жүгіндей ретімен жинақы түрде текшелей қаланып қойылады.

Әрине, өткен жылдар еншісінде бөтелкелерді арнайы қабылдайтын орындар болатын. Бүгінде бұл жоқтың қасы. Сондықтан да Хабес ағаның ауласында жиналып тұрған бөтелкелерді үйдің едені астына пайдалану үшін сұраушылар легі Жымпиты, Алғабас ауылынан, Орал қаласынан баршылық. Ал қажеттері үшін мұндай сұраушыларға Хабес аға бөтелкелерді тегін бере салса, кейбір азаматтар бұл үшін азын-шоғын болса да ақысын төлейтіндері болады.

-Менің әр жерде шашылып жатқан бос бөтелке, бакалашка, темір-терсек, қағаз-қалдықтарын жинап жүргеніме балаларым намыстанады.Тіпті, «бұл тірлігіңді тастасаңшы, елден ұят қой» дейтіндері де рас. Бірақ, мен әуелден қанға сіңген әдетім болғандықтан, бұл кәсібімді қоя алмаймын. Басты ұстанымым – ауылда тазалыққа жастар үйренсе екен, бос әңгімеге әуес, карта құмар қариялар қатары осыған көңіл бөлсе деген ой ғой мендегі. Қазір де аула ішінде жинаған темір қалдықтарын қабылдаушыларға келісімді баға бойынша тапсырамын. Ал, тығыздап бір қапқа салынған бакалашка 5 теңгеден, сыра бөтелкелері 2 теңгеден қабылдаушыларға өтетін кездері болады. Бұл жағы аз да болса көңілге демеу. Кей кездері әуелдегі кәсіп бойынша аталық малдарды пішу, сиырлардың көзіне түскен ақты сылып алып тастауды да атқарамын. Бұл кызметім үшін тұрғындар алғыстарын айтып, өздерінің ынталарымен ақыларын беріп жатады, – дейді Хамидолла аға ағынан жарыла.

Айтқандайын, Х.Жанадилов қоқыс қалдықтарын жинаумен бірге шашылып жатқан мал сүйектерін де жинақтап жүреді екен. Мақсаты ауыл іші таза болсын дегені. Ал, қоқыс қалдықтарын өртеп, ауылды көк түтінге орайтындарға жаны қас. «Атаңа нәлеттер, ауылды түтінге орап, тұрғындарға улы газ таратқандарын қарашы», – деп мұндай кездері бұлқан-талқан күйге түседі ағамыз.

Негізгі әңгіменің түйінін ұмытып барады екенбіз. Х.Жанадилов ауыл тұрғындарының құлақтарын елең еткізіп, арбалап тасыған бөтелкелерінен бір қора, бір ауланы салып алды. Негізгі құрылысты салғанда бөтелкелердің арасына қатты сым, темірлерді байланыстырып, саз балшықты шөппен араластырып құйып, әп-әсем етіп тұрғызады.

Бұйыртса, Хабес аға бөтелекелерден тағы бір ауланың құрылысын қолға алмақ.

Әлқисса, сонымен, тобықтай сөздің түйінін айтар болсақ, елдің тазалығы үшін шыр-пыр бола күйбең тірлік етіп жүрген азамат, зейнеткер Х.Жанадиловке тиісті сала тарапынан көмек қажет-ақ. Яғни, қоқыс-қалдықтарын қол арбасымен тасымалдап жүрген Хамидоллаға құзырлы орындар арқылы жеккіге ат немесе басқалай да көмек қолы ұсынылып жатса құптарлық іс болар еді.

Ал, әр жылда өткізіліп жүрген санитарлық тазалық айлығы кезінде осыған ешкім айтпай, өзіндік үн, үлесін қосып жүрген Х.Жанадилов қарияны құрметтеп, марапаттауға ұсынуды қолдайтын басшылық болып жатса, тіпті артық емес.

Тағы да оқыңыз:

Алматылық тұрғын емшінің емінен кейін ауруханаға түсіп қалды

Қытайлық әйел такси жүргізушісінің жол үстінде жасаған жыныстық дөрекі әрекетін видеоға түсіріп алған

“Қызды болдым!” деп қуаныштан жылаған алматылық әке “Пусть говорят” ток-шоуына шақырылды (видео)

Талқылау