БҚО-да перзентхана қызметкері лифтке қысылып көз жұмған: Сот аурухана басшысын ақтау туралы үкім шығарды
Фото: depositphotos.com
Орал қаласындағы перинаталдық орталық қызметкерінің қаза табуына қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мекеменің бұрынғы директоры Жанна Дилмановаға қызметтік міндеттерін тиісінше орындамады деген айып тағылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, дәл осы салғырттық 50 жастағы лифтші Элмира Жұматованы жүк лифтінің шахтасында қысылып қалуына себеп болған.
Жоғарғы қабаттан шақырту түскенін естіген ол лифт кабинасына кірмек болған сәтте лифт кенеттен сілкініп етіп, жоғары-төмен ретсіз қозғала бастаған. Сот іс материалдарына сүйене отырып, әйелдің өліміне техникалық ақау себеп болған деген қорытындыға келді.
“Жұматова лифт кабинасының ішкі бөлігі мен оның төменгі бөлігінің арасында қалып қойған. Ол ішке кіріп те, сыртқа шығып та үлгермеген. Нәтижесінде әйел жертөле мен бірінші қабаттың арасында лифт кабинасы мен шахтаның арасында қысылып, алған жарақаты әйелдің өліміне әкелген”, – деді сотта мемлекеттік айыптаушы.
Сот барысында лифттің 1981 жылы шығарылғаны анықталды. Оның нормативтік пайдалану мерзімі 25 жыл болғанымен, лифт 2021 жылға дейін тозығы жеткен күйде қолданылып келген.
Прокуратура лифтті пайдалануға жол бергені үшін жауапкершілік мекеме басшысына, яғни Жанна Дилмановаға жүктелуі тиіс екенін алға тартты.
Ал айыпталушының адвокаты Тамара Сәрсенованың айтуынша, Жанна Дилманова перинаталдық орталыққа тек жалпы басшылық жасаған, ал лифттерді тоқтату, жөндеу және ауыстыру мәселелері олардың қауіпсіз пайдаланылуына жауапты мамандандырылған “Орал Лифт Сервис” ЖШС-нің құзыретінде болған.
Сонымен қатар адвокаттың айтуынша, тергеушілер Дилманованың әрекеттері мен қызметкердің қаза табуы арасындағы себеп-салдар байланысын анықтай алмаған. Сараптамалар лифттің механикалық ақауын анықтамаған, ал оқиғаның қалай болғаны жөніндегі нақты сценарий, қорғау тарапының пікірінше, әлі де белгісіз күйінде қалған.
Орал қалалық сотының судьясы Айзада Жұмағұлова айыпталушы Жанна Дилманованы толық ақтау туралы шешім шығарды.
Сонымен қатар сот Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы және полиция департаментінің басшысына тергеу барысында қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың өрескел бұзылғаны, сондай-ақ Орал қаласы прокуратурасының тиісті қадағалауды қамтамасыз ете алмағаны көрсетілген жеке сипаттағы қаулылар шығарды.
Еске салсақ, 2021 жылдың желтоқсанында Оралда перзентхана қызметкері лифтке қысылып көз жұмғаны туралы жазған едік.
Желіде қазақстандықтарға төсбелгілер 350 мың теңгеден сатылып жатқаны туралы ақпарат тарады