"Бізді жайымызға қалдырыңыздаршы": Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеменің Қонаевқа ауысуына қарсы
Фото: Видеодан скрин
Алматы қаласындағы №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері өздерін Қонаев қаласындағы жаңа ғимаратқа көшіруге қарсы екендерін айтып, видеоүндеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үндеу авторлары бұған дейін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен, білім басқармасының өкілдерімен және бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен кездескендерін айтты. Олардың сөзінше, сол кезде шенеуніктер мекемені көшірмейміз деп уәде берген.
“Біздің балалар үйін жайына қалдырамыз деп уәде берген еді. Бірақ үш ай өтті, енді міне тағы да шу шығып жатыр. Біз өз көзімізбен көрдік, балалар үйін Қонаевқа көшіру туралы бұйрық шыққан. Неге? Шенеуніктер, әкімдер, уәкілетті өкілдер, басқарма не істеп жатырсыздар? Балаларымызды жайына қалдырыңыздаршы, өтініш", – деді балалар үйінің тәрбиеленушілері.
Тәрбиеленушілердің айтуынша, жаңа нысан орналасқан жерде сапалы емхана, аурухана мен дамытушы мекемелер қарастырылмаған, қажетті инфрақұрылым жоқ.
“Барлық балалар үйінің атынан мен, біз, сіздерден өтінемі, бізге заманауи үлгідегі, отбасылық форматтағы дұрыс балалар үйін берсеңіздер. Біз бай адамдар секілді көп нәрсе сұрап жатқан жоқпыз”, – делінген бейнеүндеуде.
2025 жылдың наурыз айында Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеменің Алматыдан Қонаевқа көшіріліп жатқанын айтып шағымданған еді. Қоғам белсенділері Алматының элиталық ауданындағы – Бағанашылдағы жер телімі бір құрылыс компаниясының көзіне іліккенін, олар сол жерге тұрғын үй кешенін салғысы келетінін мәлімдеген еді. Кейін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан қала сыртындағы жаңа ғимаратқа көшірілмейтінін айтып, уәде берген.
Алайда 11 шілдеде Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мекемені көшіру туралы бұйрық жарияланғанына наразылығын жеткізді. Ол наурызда билік өкілдері балаларды Алматыдан көшірмейміз деп уәде бергенін еске салды.
Кейінірек Алматы облыстық білім басқармасы бұл мекемені көшіру жұмыстары басталғанын растады. Айтуынша, мекеме орналасқан ғимараттың апатты жағдайда тұр.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
