Бізді ұрып-соғып, арақ ішуге мәжбүрледі: қазақстандық әйел Мәскеудегі құлдық туралы айтты
Ресейлік “Азаматтық көмек” комитеті және “Альтернатика” қоғамдық қозғалысы қазақстандық Несібелі Ибрагимованы қорлағандарды жазалау үшін қол ұшын созуға тырысып жатыр.
Бұл туралы Экспресс К басылымы хабарлайды.
Несібелі Ибрагимова супермаркетте табысы жақсы жұмыс бар деген соң ақша табу үшін Мәскеуге келген. Алайда дүкен табалдырығынан аттай салысымен оның бар құжаты мен телефонын тартып алып, жертөлеге бір-ақ түсірген.
Тағы қазақстандық бірнеше қыз дәл осындай сценарийдің құрбаны болған. Кейін құлдыққа түскендер елге оралғанымен де, кінәлілер жазасыз қала берген. “Азаматтық көмек” комитеті Ибрагимова ісі де Ресей құқық қорғау органдары тарапынан елеусіз қалып кете ме деп алаңдайды.
“Өткенде тура осындай жағдай бойынша сот қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Біз тоғыз рет қарсылық жауабын алған соң, адам құқықтары жөніндегі Европалық сотқа шағымдандық. Ресей құқық қорғау органдары өте әлсіз. неге олай болып жатқаны түсініксіз. Несібелінің ісін ешкім қозғағысы келмейді. Өйткені, дүкен иесі ғана емес, оларды қарайтын көкелері бұл іске араласқан секілді”, – дейді “Азаматтық көмек” комитетінің өкілі Марина Лексина.
“Неліктен біз үшін ешкім шырылдамайды. Бір ай бойы нағыз масқараны бастан кештік: мен еш демалыссыз жұмыс істедім. Тамағымыз нан мен су ғана. Ең бастысы өте жылдам тамақтану керек. Үнемі бізді ұратын. Әр кеш сайын арақ ішуге мәжбүрледі. Кейде мен тіпті өз атымды ұмытып қалатынмын”, – дейді Несібелі.
Бірде Несібелі қашып шығуға талпынған. Алайда оны қайтарып алып, қатаң жазалапты. Екінші рет қашуға оған дүкен клиенті көмектесіп, жақын маңдағы метро бекетіне жеткізіп салған. Ол жерде тағы бір мейірімді жан Несібеліні “Азаматтық көмек” комитетімен байланыстырған.
Оқи отырыңыз:
Әйел күйеуінің көңілдесін аяусыз ұрып тастады (видео)
Халыққа қызмет көрсету орталығында тағы бір адам қайтыс болды (видео)
Алматы облысында жас отбасы он жыл бойы күткен сәбилерінен айырылды
7 жасар қырғыз баласы бүкіл отбасынан айырылып қалғанын әлі білмейді