Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бізді бұлай жасауға мәжбүрледі": Алматыда бүлікшілерге қару-жарақ таратқандар ұсталды

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қару-жарақ дүкендерінен қаруларды алып кетіп, жиналғандарға таратқан үш ер адам ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

митинг коллаж

Бүлікшілерге қару тарату процесі куәгерлер түсірген видеоға түсіп қалған.

"Күдіктілер қару-жарақ дүкенінен қаруларды алып шығып, Республика алаңына жиналғандарға тарата бастаған. Күдіктілердің аты-жөндері анықталды. Олар қаладағы базарлардың бірінде қолға түсті", – деп мәлімдеді Алматы қалалық ІІД бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

Ұсталғандар 19-20 жаста, олар қазір қамауда отыр. Полицейлер олардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеретін болады.

"Біз қару сататын дүкенге шабуыл жасадық. Бізді бұлай жасауға мәжбүрлеген бір топ адамдар болды. Кейін олар автоматтарымен қорқытып, біз ұрлап алып шыққан қарулардың жарты бөлігін өздеріне алып алды. Мен ақ түсті Lexus көлігін басқардым", –  деді күдіктілердің біреуі.



Екінші адам қолында пулемет пен пышақ ұстаған противогаз киген адамдар қаруды шығару процесін ұйымдастырғанын жеткізді. Олар қаруларды тез арада алып шығып, таратуды бұйырған.

"Біз қаланы көлікпен аралап жүріп, қару-жарақ дүкеніне келдік, ол кезде дүкен тоналған күйде болатын. Біздің көлігімізге қаруларды тиеп, алаң жаққа жеткізуді тапсырды", – деді үшінші күдікті.

Полицейлер ұсталғандардың айтқан сөздері мен әрекеттеріне қатысты тергеу жүргізуде. Сотқа дейінгі тергеу бірден Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізіледі.

Талқылау