Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз келгенде 8 шахтаның 3-еуі ғана істеп тұрды": Qarmet басшылығы алдағы 5 жылға арналған даму стратегиясын таныстырды

11 қазанда Теміртау қаласында "Qarmet" АҚ басшылығының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Конференция барысында компания басшысы Вадим Басин алдағы 5 жылдық даму жоспарын таныстырып, "Арселор" кеткеннен кейін қандай өзгерістер орын алғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

қармет

Фото: "Qarmet" АҚ баспасөз қызметі

"Qarmet" АҚ бас директоры Вадим Басиннің сөзінше, 2024 жылдың алғашқы 9 айында болат өндірісі 14%-ға өсіп, 2,6 миллион тоннаға жеткен. Ал көмір өндірісі 2%-ға өсіп, 4,7 миллион тонна өндіріліпті. Сондай-ақ жыл басынан бері компания бюджетке 105 миллиард теңге салық төлеген, бұл кәсіпорынның елдегі ірі салық төлеуші екенін көрсетеді. 

Компания басшылығы ұсынған деректерге көз жүгіртсек, бүгінгі таңда көрсеткіштердің біршама жақсарғанын байқауға болады. 

"Айта кетері, биыл мамыр айында Qarmet соңғы 30 жылдағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізді: бір айда 330 мың тонна болат өндірді", – деп атап өтті Басин. 

Компания өндірісті жаңғырту жобалары ретінде келесідей жоспар құрған: 

  • Энергетикалық инфрақұрылым мен өндірістік жабдықты жаңғырту;
  • Болаттың жаңа түрлерін шығаруға арналған алаңдар салу, "Атасу" көкжиегі мен байыту фабрикаларын салу;
  • Лисаков КБК-де дефосфоризация технологиясын дамыту, шахталарда көмір өндіруді ұңғыма жұмыстарының көлемін ұлғайта отырып қалпына келтіру, көмірді неғұрлым терең өңдеу, көмір-химия өндірісіне көшу; 
  • Табиғи газ газ құбырын, табиғи газды тұтынушылар үшін ішкі схеманы салу, агломерациядағы газ бөлгіш жүйелерді жаңғырту.

қармет

Фото: "Qarmet" АҚ баспасөз қызметі

"Qarmet" АҚ басшылығының айтуынша, 2024-2028 жылдарға арналған арнайы "5/9/5" деп аталатын стратегиялық бағдар бекітілген. Оған сәйкес болаттың жылдық өндірісінің көлемін 5 млн тоннаға дейін ұлғайту, көмір өндіру көлеміне шығу 9 млн тоннаға,  сонымен қатар темір кені концентратының өндірісі 5 млн тоннаға жеткізу көзделген. 

"Біз қазір болат өндірісі бойынша үлкен бәсеке алаңында екенімізді түсіну керек. Қазақстан өнімі Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясы сынды металлургия алпауыттарымен көрші тұр. Нарықтың осындай ойыншыларымен бәсекелесу үшін үнемі жаңғыру керек. Алдағы уақытта бұл өзгерістер арқылы әлемдік талаптарға сай болып, географиямызды кеңейтеміз", – деп атап өтті компания басшысы. 

қармет

Фото: "Qarmet" АҚ баспасөз қызметі

"Qarmet" АҚ директорының қаржы және стратегиялық даму бойынша орынбасары Зауре Заурбекова компанияда жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін 3,5 миллиард доллар көлемінде инвестиция тарту көзделгенін айтады. 

"Бізге қажетті технологиялардың басым бөлігі Қытайдан жеткізіледі. Сондықтан инвестиция тарту үшін Қытайдың екінші деңгейлі банктерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар Еуразиялық даму банкімен де келісімге келдік. Бұдан бөлек Қазақстандағы екінші деңгейлі банктермен келіссөз жүргізіп жатырмын. Мұндағы басты мақсат – өзіміздің шикізатпен және электр қуатымен қамтамасыз ету", – деді Заурбекова. 

Сондай-ақ комбинаттың инвесторы ауысқан кезде жаңа басшылық өндіріс орнының бұрынғы қарыздарын да өтеуге міндеттелген екен. Зауре Заурбекованың айтуынша, 1 жылға жетпейтін уақыт ішінде компания несиелік қарыздардың 80%-дан астамы, яғни 272 миллион долларын өтеп үлгерген. 

қармет

Фото: "Qarmet" АҚ баспасөз қызметі

Компанияның бас директоры Вадим Басин комбинатты жаңа инвесторға табыстау кезінде көмір департаментінде 8 шахтаның тек 3-і жұмыс істеп тұрған. 

"Біз 2023 жылдың желтоқсанында келгенде  көмір департаментіндегі 8 шахтаның тек 3-і істеп тұрды. Жағдай шынымен қиын еді. "Қазақстан" шахтасы өрттен кейін, "Костенко" жарылыстан кейін, "Тентек" шахтасы екі жылдан бері жұмыс істемей тұр. Бүгінде 6 шахта жұмыс істеп тұр", – деді ол. 

Жарылыс болып, 46 кенші көз жұмған "Костенко" шахтасында бүгінде жұмыс қайта жанданған екен. Жыл басынан бері шахтада 606 мың тонна көмір өндіріліпті. 

Талқылау