Сатып алу рәсімінің барлығы шамамен бес айға созылған, сатушымен келісімге келгеннен кейін бір айдай уақыт өткен соң нотариус арқылы мәміле жасалған. Одан кейін тағы бірнеше кезеңнен өткен. Алдымен үйді брондап қою және алаяқтық мәмілелерден сақтану үшін жылжымайтын мүлік тізіліміне уақытша жазба енгізіледі. Бұдан соң шамамен бір ай бойы бұл үйдің басқа біреудің меншігінде емес екені тексеріледі. Кейін тізілімнен бұрынғы үй иелері алынып тасталып, олардың орнына Алексей мен Виталий меншік иесі ретінде тіркеледі, бұл да белгілі бір уақытты талап етеді.
"30 жыл төлейтін ипотекамыз бар, бірақ біз бақыттымыз": Германияға көшкен қазақстандықтар хикаясы бөлісті

Алексей Германияға досы Виталиймен бірге 2016 жылы көшіп келген (кейіпкерлердің өтініші бойынша тегі көрсетілмейді). Қазақстанда олар елшілікте жұмыс істеген. Жаңа елге көшкенде жұмыс табу қиынға соққан, сондықтан бірнеше жыл бойы барынша үнемдеуге тура келген. Қазір олар ауылдық жерге көшіп, үй сатып алып, жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Алексей “Холод” басылымына Германияда қалай орныққандарын, бұл елде үй сатып алудың неге қиын екенін және не себепті ауылға көшуге тура келгенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алексей мен Виталий Қазақстанда дүниеге келген. Айтуынша, елде өмір сүру деңгейі жоғары болған: екеуінің де елшілікте жоғары жалақы алатын, беделді қызметтерде істеген. Алайда Алексейдің шетелде магистратурада оқу туралы арманы болды.
“Ол кезде Германияда конкурс арқылы өтсең, тегін оқуға болатын. Ал Виталий – этникалық неміс, оның ата-бабалары 1940-жылдары Қазақстанға жер аударылған, сондықтан ол осы негізде Германияға оңай қоныс аудара алды. Сөйтіп, көшуге бел будық”, – деді ол.
Алексей ауыл шаруашылығы экономикасы саласында Еуропадағы ең үздік университеттердің бірі Штутгарттағы Гогенгейм университетіне оқуға түскен. Оқу үшін бір семестрге 130 еуро көлемінде шағын жарна төлеген, ал бұл Қазақстандағы университетке төлейтін сомадан әлдеқайда аз.
Алексей мен Виталийдің Қазақстанда түскен суреті. Фото: Жеке архив
Алексей оқуын тәмамдағаннан кейін елге қайтпай, Германияда қалуды мақсат еткенін жасырмады. Оның сөзінше, бұл елде заң үстемдігі, демократия қағидаттары, діни топтардан бастап ЛГБТ қауымдастығына дейінгі азшылықтарға құрмет секілді дүниелер ТМД елдеріне қарағанда жоғары бағаланады. Дегенмен ол Қазақстаннан қашпағанын, сондықтан егер бірдеңе дұрыс болмай қалса, елге қайтуға дайын болғанын жеткізді.
Ақша тез таусылды
2016 жылдың соңында Алексей мен Виталий екі ай айырмашылықпен Германияға көшіп келеді. Ол алғашқы уақытта ел мен климаттан қатты әсер алған, мәселен Қазақстанда қыс қарашадан сәуірге дейін созылып, кейде ауа температурасы –30°C-қа дейін түссе, Германияда тіпті қаңтардың өзінде гүлдер өсіп тұрады.
Ал Виталийге қиындау болған, өйткені ол келген кезде жаңбырлы неміс қысы еді. Үйдің іші де суық болған, кейде жылына алмай, қалың шұлық пен жемпір киіп отыруға тура келген.
“Бөлме температурасы 20 градусқа жетсе, соның өзі бақыт”, – деді ол.
Соған қарамастан, Алексей мен Виталий алғашқы кезде елге туристтің көзқарасымен қарап, тек жақсы жағын байқаған. Алексей студенттік өмірін сүрген, ал Виталий қоныс аударушы ретінде тегін тіл курстарына барған.
“Біз оқыдық, көп серуендедік, тұрақты табыс болмаса да, ел ішінде саяхаттауға да мүмкіндік таптық”, – деді ол.
Кейіпкердің бастапқы кезеңде қаржылай өте қиын болғанын айтады.
“Біз банк шотында белгілі бір қаражатпен келдік те, ай сайын оның қалай азайып бара жатқанын көріп отырдық. Менің ең төменгі айлық шығыным бөлме жалдауын қоса есептегенде 750 еуро болды. Барынша үнемдеп, барлық шығынды арнайы кестеге жазып жүрдім”, – деді ол.
Жаңбыр астында, лас киіммен
Германияда жұмыс табу өте қиын: барлық салада бәсекелестік жоғары. Кейде 50 түйіндеме жіберіп, бірде-бір жауап алмауың мүмкін. Бұл мигрант болғандықтан емес, бір жұмыс орнына 300–500 адам үміткер бола алады.
Ал қолмен істелетін мамандықтарда бәсекелестік аздау, себебі бұл салаларда маман тапшы. Германияда сантехник не плитка қалаушы банк қызметкерінен де көп табыс таба алады.
Неміс тілін білмей жұмыс табу да оңай емес. Ағылшын тілімен Берлин немесе Гамбург сияқты ірі қалаларда ғана мүмкіндік бар.
“Жалпы немістер ағылшын тілін қолдануға аса құлықты емес, сондықтан біз тіл үйренуге көп уақыт пен күш жұмсадық – үнемі оқулық алып жүріп, немісше сөйлеуге тырыстық”, – деді ол.
Бір жылдан кейін Алексей мен Виталий Қазақстанда елестетуге де келмейтін жұмыстарға орналасқан. Виталий – стюард болды, ал Алексей базарда көкөніс пен жеміс сатты. Бұрын беделді қызметте істеген Алексей, енді жаңбыр астында лас киіммен балдыркөк тиелген арбаны қоймаға итеріп жүрген.
“Соның өзінде өкінбедім. Бір күні бәрі жақсы болатынын білдім. Бұл жұмыстар бізге тілді үйренуге және Германиядағы еңбек нарығының қалай жұмыс істейтінін түсінуге көмектесті, қорқыныш пен тілдік кедергілерді еңсердік”, – деді ол.
Қатты бюрократия
Уақыт өте келе Алексей өз мамандығы бойынша – цифрлық жарнама саласында жұмысқа орналасқан, ал Виталий IT саласында жобалық менеджер болады. Алайда, Алексейдің сөзінше, Қазақстандағы өмір деңгейіне көшкеннен кейін бес жылдан соң ғана жете алған.
“Германияда міндетті қосымша шығын өте көп екен. Коммуналдық қызметтер қымбат: электр энергиясы, су және интернет үшін айына шамамен 150 еуро төлейміз. Бұдан бөлек, бұрын ойламаған көптеген сақтандыру түрлері бар. Мысалы, жалға үй алу үшін міндетті түрде өзгенің мүлкіне келтірілген зиянды сақтандыру керек. Тіпті мен Instagram-блогыма да сақтандыру жасаттым – бір компания музыкасын заңсыз қолдандың деп айыптауы мүмкін деген қауіппен. Оның жылдық құны – 294 еуро. Ай сайын сақтандыру, коммуналдық қызметтер және басқа міндетті төлемдерге кемінде 300 еуро кетеді”, – деді ол.
Алексей кемшіліктерін де тізіп шықты. Мәселен шамадан тыс бюрократия, қатаң реттеу және барлық саладағы жоғары бәсеке. Сондай-ақ қоқысты бөлек жинауға да үйрену керек болған, өйткені Германияда пластик, батарейка, шамды бөлек жәшікке тастау керек.
30 жыл төлеуге тура келеді
Виталий мен Алексей ауылдық жерден үй алуды әрқашан қалаған көрінеді. Олар бірнеше рет үй сатып алуға жақын болған, бірақ әр жолы түрлі себептермен бас тартуға тура келген. Осылайша үйді шамамен бес жыл іздеген.
Штутгарт. Фото: Alamy
Ұй ақыры табылған кезде оларға жылдық 3,5% мөлшерлемемен ипотека берілген. Германияда ипотеканың өз ерекшеліктері бар көрінеді: пайыз төмен, бірақ қарызды толық мерзімінен бұрын жабу мүмкін емес – жылына негізгі төлемнен бөлек ең көбі 20 мың еуро ғана төлеуге болады.
“Егер кенеттен үлкен мұра алып, қарызды толық жапқым келсе, банкке 65 мың еуро айыппұл төлеуім керек. Қазақстанда мен ипотеканы 20% алсам да, оны ерте жауып, көп артық төлемедім. Ал Германияда бұл 3,5% бізді 30 жыл бойы ілестіріп жүреді”, – деді ол.
Германияда үй сатып алу үшін тұрақты тұруға рұқсат (ПМЖ) қажет. Уақытша рұқсатпен банк пайызды көтеруі мүмкін. Оларға бұл әсер етпеген, өйткені Алексейде ПМЖ болған, ал Виталий Германияға келгеннен кейін екі аптада азаматтық алған. Ал биыл Алексей де азаматтық алған. Қазақстан заңына сәйкес қос азаматтыққа тыйым салынғандықтан, азаматтықтан шығу рәсімінен өтуге тура келіпті.
“Мен өз елімнің азаматтығынан айырылғым келмеді, бірақ басқа амалым болмады”, – деді ол.
Жоспарланған қаржыны жеткізу мүмкін емес
2024 жылғы тамызда Алексей мен Виталий жаңа үйге көшіп кірген. Ол Хайльбронн аудан орталығында орналасқан, бұл жерден Франкфурт пен Штутгартқа тез жетуге болады.
Үй бес қабатты, бірақ еңіс жерде тұрғандықтан, тек екі қабаты толық, ал үшеуі жер деңгейінен төмен орналасқан. Үйде екі екібөлмелі пәтер (65 және шамамен 50 шаршы метр) және 120 шаршы метр негізгі тұрғын аумақ бар. Ең төменгі қабатта монша жасауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар мансард қабаты бар, оны тұрғын үйге айналдыру ойымызда жоқ.

Сатып алынған үй. Фото: Жеке архив
“Сатушылардың айтуынша, үй өмір сүруге толық дайын болған – біз де соған сай бағаға сатып алдық. Ал іс жүзінде бәрі бар сияқты көрінді де, сонымен қатар ештеңе дұрыс болмады: құбырлар мен кәріз жүйесі ағып тұрды, электр желісі кәсіби деңгейде жасалмаған, ал жөндеу жұмыстары орташа ғана еді. Егер соңғысы талғамға байланысты десек, қалғанының бәрін міндетті түрде дұрыстау керек болды”, – деді ол.
Алексей мен Виталий жөндеу басталғанда, бұл іске қатты араласпай, бәрін мамандарға тапсырамыз деп ойлаған көрінеді. Алайда Германиядағы шеберлер онша білікті емес болып шыққан, ал олардың көмегіне жүгінсе, жоспарлаған бюджеттің жетпейтіні анық болған.
Алаяқтарға тап болу оңай
Алексей Германияда жақсы жұмысшыларды табу өте қиын екенн, тіпті фирма арқылы іздесең де, бұл жұмыстың сапалы болатынына кепіл емес екенін айтты. Мысалы олар балконды қайта жасау үшін мамандарды жалдаған. Бұл жұмысқа 20 мың еуро төлеген, бірақ соның өзінде бетон плитасының бір бөлігі шығып қалып қойған көрінеді.
“Моральдық өтемақы” ретінде бізге небәрі 500 еуро қайтарды. Кейін басқа компанияға жүгінуге тура келді – оларға тағы 1500 еуро төледік, ал олар сол ақшаға балкон құрылымын сәл ғана түзеп берді”, – деді ол.
Бұдан бөлек, Германияда алаяқтарға тап болу да оңай.
“Бірде құбыр жарылып кеткенде, біз сантехниктерді шақырып, 400 еуро төледік. Олар құрал-жабдықсыз келді, ештеңе істемеді, үстіне үстемелеп өз құралдарымызды алып кеткен. Германияда мұндайлар аз емес, олар заңдағы олқылықтарды жақсы біледі де, соны пайдаланады”, – деді ол.
Алексейдің айтуынша, ақшаны қайтарып алуға тырыссаң да, кінә тағу мүмкін емес – “ережеге сай жұмыс істедік, қолдан келгенін жасадық” деп жауап береді, ал заң олардың жағында болады. Қазақстанда тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдар бар, олар адал емес компанияларды қыспаққа алады. Германияда ондай жүйе жоқ.
“Сол себепті жөндеуді өз қолымызбен жасауға көштік – бірақ соның өзінде оған орасан көп ақша кетіп жатыр. Мысалы біз қабырғадан электр қалқаны мен сымдарға арналған тесіктерді өзіміз бұрғылап дайындадық, электрик тек келіп, сымдарды тартып, бекітіп, қорғаныс жүйесін орнатуы керек болды. Осындай жұмыстың өзі 10 мың еуро тұрады. Егер барлығын мамандарға тапсырсақ, шамамен 20 мың еуро кетер еді”, – деді ол.

Алексей Қазақстанда тұрғанда плитка қалай төселетінін де, құбыр мен су ағатын жүйенің қалай жұмыс істейтінін де білмеген, себебі оны істейтін арнайы мамандар бар. Ал Германияда қазір жұмыстан кейін кино көріп немесе спортпен айналысудың орнына, он шақты жаңа кәсіпті меңгеріп отыр.
“Әйтпесе ештеңені аяқтай алмайсың немесе банкрот боласың”, – деді ол.
Ауылда жастар жоқ
Кейіпкерлер қаладағы үйді қаржылай ала алмасын білгендіктен, бірден ауылға көшеміз деп шешім қабылдаған. Қазір тұрып жатқан ауылдың маңында егістік алқаптар, өзен, әдемі төбелер, орман алқаптары бар, алайда олардың бәрі жекеменшік және қолдан отырғызылған. Бұл өңірде жүзімдіктер мен шарап зауыттары бар, сондай-ақ жабайы жануарлар да көп: жолды жиі еліктер, түлкілер, қояндар, қабандар кесіп өтеді.
“Маған Германияда өркениет үлкен қаламен шектеліп қалмайтыны ұнайды. Қазақстанда астаналарда бәрі жақсы болғанымен, ауылдар мен елдімекендер соншалық мүшкіл күйде – бір ғасыр артқа шегініп кеткендей әсер қалдырады. Ал мұнда дүкендер, жақсы жолдар, керемет интернет, электр пойызы бар. Ең жақын қалаға шамамен 25 минутта жетеміз – Астанада да үйімнен орталыққа жету үшін шамамен осынша уақыт кететін”, – деді ол.
Фото: Жеке архив
Алексей неміс қалаларында қылмыс деңгейі әдетте жоғарырақ екенін айтты, ал ауылда үйдің есігін тіпті құлыптамай қоюға болады. Дегенмен кейде жастар жетіспейтін көрінеді, ауылда негізінен 50 жастан асқан адамдар тұрады екен.
“Егер жөндеу мен иттеріміз болмаса, мүмкін, зерігіп кетер едік” – деді ол.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарының көбі кертартпа адамдар.
“Жалпы алғанда, немістер скандинавтардан, нидерландтықтардан немесе ағылшындардан да консервативтірек сияқты – олардың менталитеті құндылықтар мен азшылықтарға деген көзқарас тұрғысынан бізге жақынырақ. Германия Батыс Еуропада біржынысты некені ең соңында заңдастырған елдердің бірі – ол бұған ұзақ уақыт қарсы болды және бұл қарсылық әлі де сезіледі. Соған қарамастан, біз көршілермен тез тіл табысып кеттік – бізді иттер жақындатты”, – деді ол.
Алексей мен Виталийдің қазіргі басты мақсаты – жөндеуді аяқтау. Сондай-ақ олар Жаңа Зеландия мен Аустралияны көргісі келеді, бірақ қаржылық тұрғыдан қиын.
“Үнемі таңдау жасауға тура келеді – демалысқа ақша жұмсау ма, әлде, мысалы, баспалдаққа қоршау орнату ма”, – деді ол.
Кейіпкер Германиядағы ең үлкен қиындық – ата-аналарынан жырақта болу екенін ашық айтты. Сөзінше, олар ата-анасымен өте жақын қарым-қатынаста, ал олар Германияға көшкісі келмейді.
“Бұрын жылына бірнеше рет елге барып тұратынбыз, ал қазір үй сатып алғаннан кейін оған мүмкіндік болмай қалды. Бірақ бір жолын табамыз деп ойлаймын. Қазірше біз тек кәсіби тұрғыда дамып, бақытты болуды қалаймыз”, – деп түйіндеді ол.
"Қолымнан айырылып қалу алдында тұрмын": МӘМС арқылы уақытылы көмек ала алмаған қазақстандық ота кезегінің ұзаққа созылғанына наразы