Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Біз бұдан пайда көрмесек, ұтылмайтынымыз анық”. СІМ ресми өкілі Қытаймен визасыз режимнің қауіпті емесін түсіндірді

Сыртқы істер министрлігі ресми өкілі Айбек Смадияров Қытаймен визасыз режим мәселесіне түсініктеме берді. Сөзінше қоғамның дүрлігуі дұрыс емес, керісінше, ыңғайлылығы көп екеніне тоқталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айбек Смадияров виза мәселесіне байланысты ойын әлеуметтік парақшасында жазды. Әрі бұған қатты алаңдаудың негізі жоқ деп отыр. 

“Бұл келісім екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына, азаматтар арасындағы байланыстарға, сауда саттықты кеңейтуге айтарлықтай қолдау болатыны сөзсіз. Оны барлығымыз түсініп отырмыз. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін неғұрлым көп елдермен тығыз қатынас орнату ұтымды екеніне күмән жоқ. Өздеріңіз білетіндей, біз сыртқы саясатта көп векторлы бағытты таңдап, осы күнге дейін оны табысты жүзеге асырып келеміз. Алайда әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынасты жаңа деңгейге шығаратын құжатқа қол қоюға қарсы бір топ белсенді қалың жұртшылыққа қате ақпаратты таратып жатыр”, – дейді ресми өкіл. 

Осыған орай ол сыртқы істер министрлігінің атынан жоғарыда айтылған келісімге қатысты тағы да түсінікті бере кетеді. Әрі бірқатар нақты ұтымды жағын тізбектеген. 

“Бұл келісімге қол қойсақ, Қытай азаматтары елімізге қаптап кіреді деген пікір шындыққа жанаспайды. Себебі былтыр шілде айынан бастап Қазақстан Иран, Үндістан және Қытайдың азаматтарына елімізге 14 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат берген. Өздеріңіз көріп отырғандай, аталған елдердің, әсіресе Қытай азаматтарының біздің көшелерде қаптап жүргенін көріп отырған жоқпыз. Бұл шара республикамыздың инвестициялық климатын және туристік әлеуетін арттыру, сондай-ақ іскерлік байланыстарды дамыту үшін жасалған. Экономикалық тұрғыдан бұл бастама өзінің оң нәтижесін беруде. Еліміз бен Қытай арасындағы визасыз режим, ең алдымен, Қазақстан азаматтарының көрші мемлекетке баруына барынша қолайлы жағдай тудырады. Егер бұрын тек Қытай азаматтары бізге визасыз 14 күнге кіре алатын болса, бұл келісімнен кейін олар да, біз де бір-бірімізге 30 күнге дейін визасыз бара аламыз. Мысалы, Қазақстан азаматтары бүгінде визасыз лезде Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріне қыдырып барып қайтып жатыр. Енді дәл солай Қытайға да бір ғана паспортпен барып келуге болады.

Визасыз Қазақстанға келген Қытай азаматтары елімізде қалып қояды, жұмыс орындарымызды тартып алады деген пікірлер жаңсақ. Өйткені визасыз режим тек туристік және іскерлік сапарларға арналады және жұмыс істеуге рұқсат бермейді. Қызмет етуге бөлек арнайы жұмыс визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Бұрын Қытайға бару үшін визаны ашу, консулдық алымды төлеу, ұзақ кезекте тұру (кейде 2-3 айға дейін), виза рәсімдейтін арнайы компаниялардың қызметіне қомақты ақша төлеу керек еді. Ал визасыз режим енгізілгеннен кейін бұл шаралардың ешбірі қажет болмайды. Визасыз режим қай елде болсын шетелден келетін туристердің санын арттыруға бағытталған. Бұл экономикаға оң әсер етеді, өйткені елге келген турист міндетті түрде қонақүйде тұрады, кафе мен мейрамханаларда тамақтанады, көлік қолданады, жалпы айтқанда елде біраз ақша жұмсайды. Ал қытайлық туристер әлемде қалталы туристер санына жатады.

Қорыта келгенде, визасыз режимнен қауіп жоқ. Біз бұдан пайда көрмесек, ұтылмайтынымыз анық. Әлемнің екінші экономикасы саналатын Қытаймен өзара тиімді саясатты жүргізу еліміздің ұлттық мүддесіне толық сай келеді”, - деп қорытындылайды жазбасын Айбек Смадияров.

Талқылау