Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Биткоинды кім жасағаны туралы жаңа болжам шықты

Фото: The New York Times

Биткоинның шын авторы әлі күнге дейін белгісіз. Алайда The New York Times зерттеу жүргізіп биткоинды жасаған Satoshi Nakamoto деген бүркеншік аттың артында британ криптографы Adam Back болуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Басылым оны биткоинның ең ықтимал авторы деп санайды. Бірақ бұл нақты дәлел емес, тек бір нұсқа екенін атап өтті.

Адам Бэк – криптоқауымдастықтағы танымал адам. Ол Hashcash жүйесін жасаған. Кейін ол биткоинның ресми құжатында (white paper) негізгі элементтердің бірі ретінде аталған. Сонымен қатар оның ерте кезеңде Cypherpunks қауымдастығына қатысуы, техникалық білімі және жазу стиліндегі ұқсастықтар осы қорытындыға негіз болған.

Зерттеу барысында журналистер ескі хаттар мен форумдағы жазбалардың стилін салыстырған. Кейбір деректерге қарағанда, тілдік талдауда Адам Бэк бірінші орынға шыққан. Бірақ тәуелсіз сараптама нақты қорытынды бермей, оның басқа белгілі үміткер – Hal Finney-ден сәл ғана айырмашылығы бар екенін көрсеткен.

Ал Адам Бэк өзі бұл болжамды жоққа шығарып, Satoshi Nakamoto емес екенін тағы да мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай пікірлер криптография, құпиялылық және электронды ақшаға ортақ қызығушылықтан туған жай сәйкестіктер ғана.

Сондықтан биткоин жасаушысының шынайы кім екені әлі күнге дейін белгісіз.

Сарапшылардың айтуынша, Satoshi Nakamoto тұлғасын нақты дәлелдеу үшін ерте биткоин әмияндарының біріне қол жеткізіп, жеке кілт арқылы хабарламаға криптографиялық қолтаңба қою қажет. Ондай дәлел әлі жоқ, сондықтан The New York Times тұжырымы тек көптен бері талқыланып келе жатқан нұсқалардың бірі ғана.

STAN.KZ
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 09:19