"Бишімбаевтар үшін 1 млн доллар түк емес": Адвокат Ғазымжанов атышулы әулеттің тағы бір ісін жүргізіп жүр
Күні кеше туысы 1 миллион теңгеге алдап кеткен Бишімбаевтар әулетіне қатысты тағы бір даулы іс жүріп жатыр. Атышулы әулеттің қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nege.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қуандық Бишімбаевтың сотында адвокат болған Ерлан Ғазымжанов 1 миллион долларға қатысты істе де Бишімбаевтар әулетіне қорғаушы болып жүр. Ол атышулы әулеттің кәсібі туралы және туысы алдап алып кеткен 1 миллион доллардың олар үшін қаншалықты көп немесе аз қаражат екенін айтты.
“Әрине, көп емес. Олар баяғыдан бизнеспен айналысады. Бұл табысының бір бөлігі ғана шығар. Альмира Нұрлыбекова Кеңес одағы тараған уақытта Қызылорда қаласында мұғалім болып жұмыс істеген. Сондай қиын кезде базарға шығып, Ресейден азық-түлік әкеп сатқан. Тауарды көтерме бағамен сататын қоймасы болыпты. Оған қосымша Қарақалпақстаннан қаракөл терісін әкеп, Ресейге жөнелтіп отырған. Сол кезде-ақ түрлі кәсіп істеп, байи бастаған. Одан қалса, ғимаратты жалға алып, жекеменшік мектеп ашқан. Бұл кейін жекеменшік университетке айналды. Сосын стоматология үшін зертхана ашып, пломба және жасанды имплант сала бастайды. Соның нәтижесінде кезінде "Жылдың үздік кәсіпкері" атағын алған. Кейін Шымкентке көшіп, мұнда да кәсіп көзін тауып, жұмыс істеген”, – дейді Ерлан Ғазымжанов.
Айтуынша, қазір олардың Астанада көтерме бағамен сататын тауар айналымы жоғары қоймасы бар. "BAU" мейрамханасында да үлесі болған. Осылайша "Бұл отбасында мұндай ақша қайдан болады?" деген сұраққа жауап берді.
“Олар үшін 1 млн доллар түк емес. Жыл сайын декларация өткізген, рәсімдеген. 2016 жылы Қазақстанда мүлікті заңдастыру ісі жүрді. Бәрін заңды түрде жасаған. Қуандық Бишімбаев ер жетіп, лауазымды қызметтер атқарғанға дейін-ақ отбасының әлеуеті осындай болған. Тергеу амалдары жүріп жатқанда Бишімбаевтардың үйіне Бекзат Кемелова келіп (туысы Қайрат Кемеловтің әйелі) "Антикорда жұмыс істейтін күйеубаламнан естіп-білдім, "Қуандықтың туыстарының үйіне тінту жүргізеді екен. Тізімде 30 адам тұр, тек біздің ғана фамилия жоқ" деп айтты. Сондықтан үйіңізде қымбат, бағалы дүниелер немесе ақша болса, бекерден-бекер күйіп кетпесін. Одан да біз алып, сақтап берейік. Керек кезде аласыз ғой...” деп психологиялық қысым жасаған. Бір қызығы, мұнысын күйеуіне айтпаған”, – дейді заң өкілі.
Осыдан кейін Альмира Нұрлыбекова туысының бұл сөзіне күмәнмен қараса да, аяқ астынан доллар өсіп кеткенде жиған-тергені сәл де болса сақталады деп ойласа керек, ақшаны қолына ұстатқан. Іс жүзінде ешқандай тінту шарасы жүргізілмеген. Сот процесі аяқталған соң Альмира Нұрлыбекова туысынан өз ақшасын сұраған. Алғашында түрлі сылтау айтып, қаражатты қайтаруды кейінге қалдырып жүрген туысы соңында "Бізде ешқандай ақша жоқ. Біз сіздерге ештеңе бере алмаймыз" деп сөзінен тайқып шыққан.
Ғазымжановтың айтуынша, ақшаны алған туыстары “Бишімбаевтар резонанстан қорқады” деп ойлаған. Бірақ Бишімбаевтар 2024 жылдың қазан айының басында құқық қорғау мекемелеріне шағым түсіріп, қазір "алаяқтық" ісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бекзат Кемелованың ақшаны алғаны туралы WhatsAрр желісінде жазылған хаттар мен куәгерлер бар дейді адвокат.
“Ақшаны 2023 жылы желтоқсан айының 19-ы күні алған. Банк есепшоттарын қарасақ, Кемеловтер ақпан айында екі пәтер сатып алған. Біреуін ЭКСПО қалашығынан алып, сол кезде-ақ жөндеу жұмысын жасап тастаған. Сондай-ақ, бұған дейінгі ипотекаға алған пәтерінің қарызын да жапқанға ұқсайды. Сол аралықта Түркияға, Грузияға демалуға барған. Тіпті, Түркиядан үй сатып алуы немесе бизнес ашуы да ғажап емес. Шын мәнінде, талай жыл пәтер жалдап жүрген Кемеловтер отбасына Бишімбаевтар алғашқы жарнаның ақшасын беріп, ипотекаға үй рәсімдеуге қолұшын созған. Керек кезде көмегін алған отбасы туысы бола тұра, осындай сатқындық, арамдық жасады”, – дейді Ерлан Ғазымжанов.
Бишімбаевтардың алдап соққан туысы – Қайрат Кемеловтің жұбайы Бекзат Кемелова.
“Қайрат Кемелов – туған бөлем. Шешелеріміз бір әке, бір анадан туған. Кезінде ата-анам "бауырым" деп жанына тартып, көмектескен еді. Міне, туыс ағайынның өзі біздің жағдайымызды пайдаланып, осындай арамдық жасайды деген ойға келмепті. Қазақтың "Табалдырықтан биік тау жоқ, жаман ағайыннан асқан жау жоқ" деген сөзі бар. Осы шындыққа айналғанына көз жеткіздік”, – дейді Уәлихан Бишімбаев.
Ерлан Ғазымжанов түрмеде жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаевтің жағдайы туралы да айтты.
“Ол Степногорскідегі түрмеде басқалар сияқты жазасын өтеп жатыр. Денсаулығы жақсы, шүкір деуге болады. Екі айда бір рет барып, кездесіп тұрамын. Қазір отбасының бизнесіне, басқа да істеріне көмектесіп жүрмін. Енді көріп тұрсыз ғой, жан-жақтан талаған мародерлер көп. Әке-шешесі кімге сенерін білмей қалды ғой”, – дейді ол.
Заң өкілі "Баласы сотталды" деп, онсыз да уайымнан көз ашпаған зейнеткерлерді бұлай қорлауға болмайтынын айтты.
Бұған дейін Бишімбаевтың анасы ұлына қолдау көрсетпеген туыстарынан кек алатыны туралы жазған еді.