Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірнеше рет қоңырау шалдым, бірақ жауап бермеді": Блогер Перизат Қайратқа 83 миллион теңгені сеніп тапсырғанын жеткізді

Газа секторына қаржы жинаған Перизат ҚайратФото: Перизат Қайраттың желідегі парақшасынан

Блогер Олжас Сабыр Газа секторындағы зардап шеккен тұрғындарға көмектесу үшін Қазақстан азаматтарынан жиналған 83 миллион теңгені Biz Birgemiz қорына аударғанын, алайда бұл қаражат көзделген мекенге жетпегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Мен бұл жинақты досым Назим Мисановпен бірге бастаған едім. Израиль тарапынан Газа секторындағы бейбіт тұрғындарға қарсы жасалған геноцид басталғанда, балалар мен аналарға көмектесу үшін қаржы жинау бастамасын көтердім. Жинау 2023 жылдың 22 қазанында басталды, ал 7 қарашада мен жиналған 83 542 734 теңгені Biz Birgemiz қорына аудардым", – деді Олжас Сабыр Перизат Қайратқа қатысты сот отырысында.

Оның айтуынша, қайырымдылыққа қаржы жинау үшін әскери жағдай туралы жарнамалық видео түсірген.

"Газа секторына жасалған әуе шабуылы туралы видеоны жарияламас бұрын, мен Палестина елшілігімен байланысқа шығып, ресми рұқсат алу үшін кездесу сұрадым. Елшілікке барып, хатшымен, қызметкерлермен таныстым, кейін елшімен де жүздестім. Олар бұл бастаманы құптады. Видео 4 миллион қаралым жинады. Елшіліктің хатшысы маған қаржы аудару үшін банк реквизиттері жазылған бір құжат берді. Бірақ ол нақты, ресми құжат емес, тозған қағаз ғана еді. Мен оларға мұндай реквизиттерге ақша аудару қауіпті екенін айттым", – деді блогер сотта.

Сондай-ақ ол бір уақытта UNICEF қорымен де келіссөздер жүргізе бастағанын айтты.

"Біз БҰҰ шотына ақша аудару туралы келісімшартқа қол қойдық. Бірақ дәл сол кеште Перизат Қайрат хабарласты. Біз кездесіп, ол маған Түркияда болған жер сілкінісі кезінде атқарған жұмыстарының фотосын көрсетті. Сол кезде қорқып жүрдім. Себебі маған түрлі белгісіз қоңыраулар түсіп жатты. Сол себепті Перизат Қайраттың айтқандарына сеніп қалдым. Халықаралық ұйыммен жұмыс істегеннен гөрі, қазақстандық қормен жұмыс істеймін деп шештім", – деді Олжас Сабыр.

Ол ақша аударуды Kaspi Bank бөлімшесінде Biz Birgemiz қорының реквизиттері бойынша жасағанын айтты. Ірі сомадағы аударымнан кейін, келесі күні ол Перизат Қайратпен бірге Абу-Дабиге кенеттен сапарға шыққан.

"Барлық шығынды Перизат Қайрат өзі көтерді. Абу-Дабиге ұшып келген соң біз Rixos қонақүйіне орналастық, келесі күні Дубайға жақын орналасқан қалаға барып, ол жақта Қызыл Жарты Ай қоры тарапынан азық-түлік қаптамалау жұмыстары жүріп жатты", – деді ол.

Сабыр өзінің атынан Biz Birgemiz қорына қаржы түскенін растайтын құжаттарды сұратқанын, бірақ ешқандай жауап ала алмағанын айтты. Сондай-ақ ол Перизат Қайраттан сатып алынған тауарлар бойынша түбіртектерді көрсетуді бірнеше рет сұраған, бірақ ол құжаттарды ешқашан ала алмағанын жеткізді.

"Перизат Қайратқа бірнеше рет қоңырау шалып, хат жаздым, түбіртектерді сұрадым. Бірақ жауап болған жоқ", – деді Олжас Сабыр.

Өз кезегінде сотталушы Перизат Қайрат есеп беру үшін бірнеше мәрте Олжас Сабырға хабарласқанын, бірақ ол жауап бермегенін мәлімдеді.


Зейнеткер Перизат Қайраттан су тасқыны кезінде аударған 1 миллион теңгесін қайтарып беруді талап етті


Перизат Қайрат ісі: Назарбаев зияткерлік мектебінің ата-аналары ақшаларын қайтарып, ауыр дертке шалдыққан мұғалімге көмектескісі келеді


Еске салайық, бұған дейін Астанадағы Перизат Қайраттың сотында "Асар-Үме" қорының президенті Асхат Нұрмашев куәлік берді. Ол қордың 2023 жылы Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде Перизат басқаратын "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына 200 миллион теңге аударғанын растады. Ақша Газаға көмек ретінде жіберілгенімен, нақты есеп пен құжаттар ұсынылмаған. Перизат Қайрат тарапынан тек ауызша уәделер болған. Нұрмашев кейін бұл мәліметтердің жалған екенін түсінгенін айтты.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 16 Шілде, 2025 16:41
Талқылау