Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бірнеше бап бойынша кінәлі деп тапқан: Алматы соты Дужновтың неліктен ауыр жазаға тартылғанын түсіндірді

Алматыда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ақбұлақта бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың неліктен ең ауыр үкім – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Дужнов

Сот анықтағандай, Игорь Дужнов алдағы уақытта үйден көшірілетінін біліп тұрып, аңшылық карабинмен қаруланып, қолындағы қаруымен сот орындаушысын, полиция қызметкерлерін, үйдің жаңа қожайыны мен оның досын қабырғаға қарата тұрғызып қойған. Оларды атып тастаған соң, үй маңында жүрген адамдарға оқ жаудырған. Олар полиция қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар еді.

Нәтижесінде сот Дужновты мынадай баптар бойынша кінәлі деп тапты:

Екі немесе одан да көп адамды өлтіру;

Кісі өлтіруге оқталу, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне, сондай-ақ сот орындаушысының өміріне қол сұғу;

Сот шешімі мен атқару құжатының орындалуына кедергі жасау;

Шетелдік қарулы қақтығысқа қатысу.



Судья Еркін Майшиновтың айтуынша, сотталушы қылмысты алдын ала әдейі жоспарлаған.

"Өзінің қызметтік міндеттерін атқарып жүрген адамдар мен азаматтық тұлғалар құрбан болды. Ал Дужнов өз ісіне өкінген жоқ. Сот Дужновтың жеке басын және ісінің қоғамға қауіпті екенін ескере отырып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемелерінде өтеуге үкім етті", - деп түсіндірді судья Еркін Майшинов.

Еске салайық, бүгін 26 сәуірде сот 54 жастағы Дужновты екі полицей мен сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен куәгердің өліміне кінәлі деп тауып, өмір бойына бас бостандығынан айырған.

Талқылау