Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірнеше адам жауапкершілікке тартылды": Тұрсынбек Қабатовтың тоқалы делінген келіншек өзіне тіл тигізгендерді сотқа берді

Айман Қабатова өзіне тіл тигізгендерді сотқа бердіФото: https://www.instagram.com/t_a_d_d_s_?

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі ретінде танылған Айман есімді келіншек өзіне тіл тигізгендерді сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратты Айманның мүддесін қорғайтын заңгер Ділназ Мұхамедова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол әзілкештің екінші жары делінген келіншектің парақшасын белгілеп, оның құқықтары мен заңды мүддесін қорғайтынын жеткізді.

Маманның айтуынша, құқықтық көмек көрсету аясында соттарда ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау, сондай-ақ интернетте шындыққа сәйкес келмейтін және қорлайтын мәліметтер таратқан тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөніндегі істер қаралып жатыр.

“Бүгін үш істе жеңіп шықтық. 3 тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, азаматтық істер бойынша моральдық зиянның ақшалай өтемақысы өндірілді, талап-арыздар Азаматтық кодекстің 143-бабы негізінде қанағаттандырылды және тағы 5 іс сотта қаралу сатысында тұр (әкімшілік және азаматтық іс жүргізу)” – деп жазды ол.

Заңгер анонимді немесе фейк парақшаларды қолданған жағдайда да, сот талқылауы барысында сот сұрауларын (соның ішінде тіркеу және техникалық деректер бойынша) жолдау арқылы автордың тұлғасын анықтауға болатынын ескертті.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желі қолданушыларына маңызды ақпаратты бөлісті.

“Пікір білдіру еркіндігі шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату, ар-намыс және қадір-қасиетті кемсіту, жария кеңістікте қорлау үшін жауапкершіліктен босатпайды. Мұндай әрекеттер үшін заң бойынша әкімшілік жауапкершілік, азаматтық-құқықтық жауапкершілік, моральдық зиянның өтемақысын өндіру, сот шығындарын өтеу және терістеу (жалған ақпаратты жоққа шығару) міндеті көзделген”, – деп жазды ол.

Айман Қабатова өзіне тіл тигізгендерді сотқа берді

Заңгердің мәлімдемесіне қатысты Айман да өз пікірін бөлісті.

“Қыздар, сын мен қарғыс, боғауызды ажырата біліңіздер. Сынға иммунитетім жақсы, себебі пендешілікті және менталитетті білемін. Ал жаман, балағат сөздер қудалау деген басқа”, – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Тұрсынбек Қабатовтың тоқалы делінген келіншек әзілкештің концертінде жүргені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 14 Қаңтар, 2026 13:16