Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Бірлік жүгірісі – 2025" қостанайлықтар мен облыс тұрғындарын біріктірді

1 мамыр күні Қостанайда республикалық "Бірлік жүгірісі – 2025" жүгірісі өтті. Бұл жарысқа этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, оқушылар, студенттер, Ш.Қабылбаев атындағы ІІМ курсанттары,спортшылар, ардагерлер мен облыс тұрғындары қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Гашек көшесінде таңертеңгілік тіркеу мен салтанатты ашылу рәсімімен басталды. Мемлекеттік Гимн орындалып, Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Қарымсақова қатысушыларды құттықтады.

“Бұл жүгіріс – жай ғана спорттық шара емес. Бүгін біз бір командадай, бір халықтай, бейбітшілік, келісім мен өзара құрмет жолымен бірге жүгіріп келеміз. Бұл, әсіресе, біздің Қостанай облысында ерекше маңызға ие, өйткені мұнда 50-ден астам этнос өкілдері татулық пен достықта өмір сүруде. Осы – біздің өңірдің күші, халқымыздың қуаты! Ассамблея үш онжылдық бойы бірлік пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып келеді, ал бүгінгі жүгіру – соның жарқын дәлелі. Мұнда түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар, спортшылар мен қала тұрғындары жиналды – баршамызды біріктіретін ортақ сезім: Отанға деген махаббат, бір-бірімізге деген құрмет пен бірлікке деген ұмтылыс”, – деді Динара Қарымсақова.

Құттықтауға Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері Калқаман Жақып қосылды. Ал жеңіл атлетикадан төреші, қосымша білім беру педагогы Құрманай Исергепов бағдарлама туралы толық ақпарат берді.

Жүгіру бірнеше қашықтықты қамтыды: инклюзивті спортшылар үшін 0,5 шықырым, әр жастағы балалар үшін 1,1 шақырым және 16 жастан асқандар үшін 8 шақырым. Әрбір стартты жанкүйерлердің қошеметі мен қала тұрғындарының қызу қолдауы сүйемелдеді.

Айта кетейік, "Бірлік жүгірісі" тек облыс орталығында ғана емес, сондай-ақ өңірдің қалалары мен аудандарында да өтті. Әрбір елді мекенде тұрғындар қашықтыққа шығып, өздерінің ынтымақтастығын білдіріп, салауатты өмір салтын қолдап, қазақстандық қоғамның ауызбіршілігін көрсетті. Кең көлемде ұйымдастырылған бұл шара шын мәнінде өңірлік спорт мерекесіне айналды.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың бірлікті нығайтып, жаңа жетістіктерге шабыт беретінін және өңір үшін игі дәстүрге айналатынына сенеді.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 01 Мамыр, 2025 13:13
Талқылау