Бектенов бірыңғай уақытқа байланысты мәселелер туындаған өңірлерде жұмыс кестесі мен жарықтандыруды өзгертуді ұсынды
Еліміздің премьер-министрі Олжас Бектенов бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешім өте терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкімет
Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған премьер-министр Олжас Бектеновке жергілікті тұрғындар бірыңғай уақыт белдеуін қолдайтынын жеткізді. Олар 6-шы уақыт белдеуі табиғи уақытқа сәйкес келмегендіктен, бұл мәселені бұрыннан көтеріп келе жатқанын айтты. Кездесуге қатысушылардың айтуынша, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешім күнделікті тұрмыстық процестерді жеңілдетті.
Олжас Бектенов Қостанай облысының тұрғындарына және барлық қазақстандықтарға осы маңызды шешімді түсініп, қолдағаны үшін алғысын білдірді. Премьер-министр тұрғындармен әңгімелесу барысында табиғи уақыттың азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсері ғылыми дәлелденгеніне назар аударды. Осы жұмыстың және басқа да ғылыми зерттеулердің негізінде 2022 жылы 80-нен астам елдің ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері қол қойған Барселона декларациясы қабылданды.
“Шешім Қазақстанда ғана емес, шетелде де жүргізілген өте терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды. 2017 жылы америкалық ғалымдар тобы адамның циркадтық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды. Бұл зерттеуде ғалымдар табиғи уақытта өмір сүрген кезде адам үшін ең жақсы және пайдалы екенін дәлелдеді. Сондықтан қазір әлемнің прогрессивті елдері табиғи уақыт белдеуіне көшуге ұмтылып жатыр. Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі – біз қазір өмір сүріп жатқан UТC+5. Бұрын өздеріңіз білетіндей, біз басқа UТC+6 белдеуінде болдық. Кезінде еліміз директивалық тәртіпте біз үшін табиғи емес белдеуге ауыстырылды. Қазір, керісінше, біз уақытты күн цикліне сәйкес келтірдік”, – дейді Бектенов.
Ол бірыңғай уақыт белдеуіне адам ағзасы уақыт өте келе үйренісіп кетеді деп сендірді.
“Мен бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу кейбір адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінемін. Ағза біртіндеп үйренеді. Осындай шешім қабылданды. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздықтар болса, біздің еңбек заңнамамыз мүмкіндік беретін инфрақұрылымды, жарықтандыру мен ыңғайлы жұмыс кестесін ұйымдастыру қажет”, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр бұл мәселелерді рет-ретімен шешуге уәде берді.
Бұған дейін Алматы тұрғыны әкімнен жұмыс уақытын өзгертуді сұрап, петиция жариялаған еді.