Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Біреуді аңду үшін салынған мұнара”: Маңғыстау облысында шаруаның өз қолымен салған құрылысы желі қолданушыларын қызықтырды

Желі қолданушылары Маңғыстау облысындағы фермердің белгісіз ғимаратының не мақсатта салынғанын және қандай рөлі бар екенін таппай дал болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп. 

Блогер және ауыл шаруашылығы бойынша сарапшы Кирилл Павлов өзінің Facebook парақшасында жазылушыларына осындай жұмбақ жасырған. Көптеген адамдар оның шынайы мақсатын болжап, таба алмаған.

Шаруа бұл мұнараны ұялы байланыс сигналын ұстау үшін салғаны анықталды.

Ал қазақстандықтар мұндай түсініксіз нысанның салыну себебін әртүрлі болжады.

“Құдық шығар”, “Жерді мақсатты түрде қолданбау”, “Біреуді аңду үшін салынған мұнара” деп пікірлерін білдірді.

Кирилл Павловтың өзі бұл суретті Маңғыстау облысының Қарақия ауданында, Жаңаөзен қаласына жақын жерде түсіргенін айтты. Сарапшы осы жазда құрғақшылықтан зардап шеккен ауыл шаруашылығы мәселелерін жеңілдету үшін аймаққа барған.



“Мен бұл құрылысты Абзал есімді шаруадан көрдім, одан бұл нысанның не үшін қажет екенін сұрадым. Ол ұялы байланысқа шығудың басқа жолдары жоқ дейді. Ол өзінің үй жағындағы ең биік жотаны таңдап, осы нысанды салған. Осы жерге шығып смартфонды еркін қолдана алады, қоңырау шалып, тіпті интернетті еркін қолданады. Өкінішке қарай, оның басқа амалы жоқ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық ұялы байланыс операторлары мен салалық министрлікке сәлем жолдағым келеді”, – дейді Кирилл Павлов.

Талқылау