Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бірден келген атақ пен ақшаны көтере алмадым” — Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Сергей Филимонов

Ауыр атлетикаФото:Stan.kz collage

Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Сергей Филимонов  өмір жолындағы ауыр сынақтар туралы ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның сөзінше, Олимпиададан кейінгі кезең өмірін түбегейлі өзгерткен. Спортшыны кенеттен келген атақ пен мол қаржы "жұлдыз ауруына" шалдықтырған. Сол себепті ұзақ жылдар бойы алкогольге тәуелді болған.

Бұл жағдай отбасылық және жеке өмірінде күрделі дағдарыстарға алып келген.

Сергей Филимонов Үштөбе ауылында дүниеге келген. Ауыр атлетикамен тоғыз жасынан бастап айналыса бастаған.

1996 жылы небәрі 18 жасында Ресей құрамасының сапында Олимпиада ойындарына қатысып, жүлдеге сәл жетпей, төртінші орын алған.

Кейін Қазақстанға оралып, 2004 жылы Афинада өткен Олимпиадада ел намысын қорғап, күміс медаль иеленді. Бұл жетістігі үшін мемлекет тарапынан қаржылай сыйақы беріліп, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер алған.

Алайда спортшы өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі 2005 жылға тұспа-тұс келді. Ол мас күйінде көлік жүргізіп, ауыр жол-көлік апатына ұшыраған.

Апат салдарынан бір адам қаза тапты. Филимонов марқұмның жақындарынан жеке барып кешірім сұрағанын, олардың кешіріміне қарамастан, бұл жағдайдың жүрегінде жазылмас жара болып қалғанын айтты.

Кейін ол Алматыдағы пәтерінен айырылып, тұрмыстық жағдайы күрт нашарлаған. Қазіргі уақытта Сергей Филимонов Ресейде тұрады, автосервис орталығында көлік жөндеуші болып жұмыс істейді.

Кей кездері жұмыс орнында түнеуге мәжбүр болғанын екен.

Сонымен қатар, спортшы соңғы он екі жыл бойы алкогольден толықтай бас тартқанын атап өтті. Оның айтуынша, өмірін өзгертуге сенім мен өз қателіктерін мойындау себеп болған.

Сұхбат барысында ол жас спортшыларға ерте келген атақтың арбауына түспей, тәртіп пен жауапкершілікті басты құндылық етуге кеңес берді. Сондай-ақ қазақстандық ауыр атлетиканың қазіргі жағдайына тоқталып, допингке қарсы бақылауды күшейтумен қатар, жастарға әділ қолдау мен нақты мотивация қажет екенін айтты.

Сергей Филимонов Қазақстанға біржола оралуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, азаматтық мәселесі шешіліп, баспанамен қамтамасыз етілсе, ол ауыр атлетика саласында бапкер немесе кеңесші ретінде еңбек етуге дайын. Қажет болса, өңірлерде жұмыс істеуден де бас тартпайды.

"Маған атақ та, даңқ та қажет емес. Ең бастысы адал еңбек етіп, елге пайда тигізу. Талдықорған секілді аймақтарда жұмыс істеуге де дайынмын", – деді ол “Уақыт көрсетеді” youtube арнасына берген сұхбатында.

Сұхбат соңында Олимпиада жүлдегері Спорт министрлігі мен ауыр атлетика федерациясына үндеу жасап, Қазақстанға оралып, жас спортшыларды тәрбиелеуге өз үлесін қосуға әзір екенін айтты.

Ақерке Өмірхан
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 22:22