Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бірде бір адам ұсталмаған: Ақтөбеде төбелес салдарынан жасөспірім көру қабілетінен айырылды

көру қабілеті нашарлағанФото: Видеодан скрин

Ақтөбеде төбелес кезінде жарақат алған жасөспірімнің туыстары полициядан "бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық істі қайта қозғауды талап етті. Оқиға маусым айының соңында Авиақалашық ауданында, кешкі сағат тоғыз шамасында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Жанжалдың бір бөлігі супермаркеттегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан 16 жастағы Темірлан Мырзабайдың өзін бір топ жасөспірімнен қорғамақ болғанын көруге болады. Бір сәтте оның бетіне соққы тиіп, көзілдірігі сынып, әйнегі көзіне кіріп кеткен.

Туыстарының айтуынша, жасөспірім оң көзінің 75% көру қабілетін жоғалтқан. Енді оған ота жасалып, ұзақ уақыт ем қабылдау қажет. Темірлан қалыпты өмір сүре алмайды, спорттан да бас тартуға мәжбүр.


"Темекі басып, ұрып-соққан": Алматыда жасөспірімді азаптаған әкімдік қызметкері қамауға алынып, жұмыстан шеттетілді


Таразда жасөспірімдер қоңырау кезінде дәретханада төбелесіп, 9-сынып оқушысы көз жұмды


Жасөспірімнің туыстарының сөзінше, полиция бастапқыда істі екі баппен тергеген: Қылмыстық Кодекстің 293-бабы  (Бұзақылық) және Қылмыстық Кодекстің 107-бабы (Денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру) баптары.  Бірақ кейін "бұзақылық" бабымен тергеу тоқтатылған. Енді олар істің қайта қаралатынына күмәнмен қарап отыр. Оның үстіне іс бойынша бірде-бір адам ұсталмаған. 

“Олар мұны "жеңіл жарақат" дейді. Қалайша жеңіл болуы мүмкін? Мен оны өзім ауруханаға апардым. Ол кезде оң көзі мүлдем көрмейтін, себебі әйнек кіріп кеткен. Дәрігерлер оған ота жасады. Бұл қалайша жеңіл жарақат болуы мүмкін? Күмәніміз өте үлкен, өйткені күдіктілер өздерін тым жайбарақат ұстап жүр”, – дейді жәбірленушінің әпкесі Айжан Тоқмұханбетова. 

Ал Ақтөбе облыстық полиция департаменті іс бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты. 

“Аталған факт бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазір кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Оның ішінде қосымша сараптама тағайындалды. Қорытындысына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбедегі оқу-жаттығу жиынында қаза тапқан жасөспірімнің ата-анасы кінәлілердің жазалануын талап еткені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 19 Қыркүйек, 2025 12:39
Талқылау